Елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімі ең алдымен азаматтардың белсенділігіне байланысты. Әрбір маңызды саяси науқан – халықтың мемлекет тағдырына деген жауапкершілігін айқындайтын ерекше кезең. Осы тұрғыдан алғанда, биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі.
Құрылтай – қоғамның көкейкесті мәселелері талқыланып, ел дамуына бағытталған ұсыныстар мен бастамалар көтерілетін маңызды алаң. Оның жұмысы халықтың үнін билікке жеткізіп, азаматтардың талап-тілегін ескеруге негізделген. Сондықтан Құрылтай құрамына ел мүддесін бәрінен биік қоятын, халықтың сеніміне лайық азаматтардың сайлануы ерекше маңызға ие.
Әрбір сайлаушының таңдауы – елдің келешегіне әсер ететін маңызды шешім. Себебі сайланған депутаттар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ортақ талқылауға шығарады. Олар әлеуметтік саясатты жетілдіру, білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жастардың мүмкіндігін кеңейту, ұлттық құндылықтарды сақтау және қоғамдық келісімді нығайту бағытында маңызды бастамалардың жүзеге асуына үлес қосады.
Біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын да, еліміздің бүгінгі жетістіктерін де көрген буынбыз. Сондықтан мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуы біз үшін аса қымбат. Құрылтайда халықтың тұрмысын жақсартуға, жастардың болашағына, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге қатысты мәселелердің көтерілуі көңілге сенім ұялатады.
Әр азамат өз таңдауын жасап, елдің дамуына үлес қосуы керек. Себебі бүгінгі қабылданатын шешімдер ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер етеді деп ойлаймын.
Мемлекеттің қуаты – халықтың ауызбіршілігі мен белсенді азаматтық ұстанымында. Сондықтан сайлауға қатысу – тек дауыс беру ғана емес, елдің дамуына деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің және азаматтық сананың көрінісі.
Құрылтайдағы әділ әрі ашық сайлау қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, қабылданатын шешімдердің тиімділігі мен жауапкершілігін арттырады. Әрбір дауыс халықтың ортақ мүддесін қорғауға, әділетті қоғам құруға және елдің стратегиялық даму бағытын айқындауға қызмет етеді.
Сондықтан 23 тамыздағы Құрылтай депутаттарын сайлау – әрбір қазақстандық үшін маңызды саяси науқан. Елдің болашағына немқұрайлы қарамайтын әр азамат өз таңдауын жасап, қоғамның дамуына үлес қосуы қажет. Өйткені әрбір дауыс – мемлекетіміздің ертеңіне қосылған үлес, ал әрбір саналы таңдау – Қазақстанның жарқын келешегіне бастар сенімді қадам.
Мырзабек Манғұтов, Т.Рысқұлов аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы