Құрылтай басқарудың жаңартылған жүйесінде ерекше орын алып, қазақтың дәстүрлі дала демократиясының құндылықтарын заманауи саяси жаңғыру үдерістерімен сабақтастырады. Заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде ол мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды институтқа айналады.
Тарихи тұрғыдан Құрылтай билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін үйлестіруге мүмкіндік берген. Бұл қағидаттар бүгінгі Қазақстанда да өз жалғасын тауып, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге бағытталған.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында Құрылтайдың негізгі міндеттері – азаматтық қоғамның даму үдерістерін жан-жақты зерделеу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беру, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру және өңір тұрғындарының пікірін мемлекеттік жоспарлау үдерісіне кеңінен енгізу.
Құрылтайдың өңірлер үшін маңызы ерекше. Ол беделді қоғам қайраткерлері мен пікір көшбасшылары арқылы орталық пен аймақтар арасындағы байланысты күшейтіп, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерінің, еріктілердің, ғалымдардың, кәсіпкерлердің және жастар көшбасшыларының қатысуы қоғамдық пікірдің кең ауқымын қамтып, әртүрлі көзқарастардың ескерілуіне жағдай жасайды.
Құрылтай қызметі қоғамда «Адал азамат» тұжырымдамасын орнықтыруға, еңбекқорлықты, білімді, әділдікті және жауапкершілікті дәріптеуге, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанатын жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Осы арқылы Құрылтай өңірлердің орнықты дамуына, қоғамдық бірліктің нығаюына және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерінің артуына қызмет етеді.
Әйгерім ДАУЛЕТБАЕВА, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы