Бір күні ауылдағы ақсақалдың: «Елдің ертеңін ойлаған адам бүгінгі мәселеден қашпайды» деген сөзін естігенім бар. Ол кезде бұл сөздің мәніне аса мән бермеген едім. Уақыт өте келе оның мағынасы терең екенін түсіндім. Шынында да, қоғамның дамуына сырттай бақылаушы болып емес, белсенді қатысушы болғанда ғана оң өзгерістер орын алады. Құрылтайдың да басты мақсаты – елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың пікірін тыңдап, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру.
Қазіргі уақытта адамдардың сұранысы да, талабы да өзгерді. Бүгінгі азамат тек дайын шешімді күтпейді, өзі де ұсыныс айтып, қоғамдағы өзгерістерге үлес қосқысы келеді. Мұндай ұстаным мемлекет үшін де маңызды. Себебі халықтың пікірі ескерілген жерде сенім артады, ал сенім бар жерде тұрақтылық пен даму қатар жүреді.
Құрылтай – әртүрлі көзқарастағы адамдардың басын қосып, елдің келешегіне қатысты маңызды мәселелерді талқылайтын ортақ алаң. Мұнда ауыл тұрғындарының да, кәсіпкерлердің де, жастардың да, зиялы қауым өкілдерінің де ойы маңызды. Әр пікірдің артында өмірлік тәжірибе мен нақты мәселе жатыр. Сондықтан Құрылтайдың қоғамдағы орны жыл өткен сайын айқындала түсуде.
Бүгінде Құрылтай аясында әрбір отбасының өміріне тікелей әсер ететін барлық салалық мәселелер қамтылған. Сондықтан мұндай бастамалардың қоғам талқысына түсуі – уақыт талабы.
Осы орайда 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауының маңызы ерекше. Бұл сайлау арқылы қоғамның пікірін жеткізе алатын, елдің дамуына үлес қосатын азаматтар таңдалады. Сондықтан дауыс беру – жай ғана рәсім емес, елдің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу деген сөз. Әрбір азамат өзінің таңдауымен Құрылтай құрамының қалыптасуына ықпал етеді.
Сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Өйткені елдің ертеңіне алаңдайтын адам өз таңдауын өзгеге қалдырмайды. Ол қоғамдағы өзгерістерге сырттан бақылаушы емес, тікелей қатысушы болуды жөн көреді. Азаматтық белсенділік дәл осындай қарапайым қадамдардан басталады.
Жастардың бұл үдеріске араласуы ерекше маңызды. Себебі бүгінгі жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын буын. Қазіргі жастардың білімге ұмтылып, еріктілікпен айналысып, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүргені қуантады. Олардың жаңа идеялары мен тың көзқарастары қоғамның дамуына тың серпін береді. Сондықтан жастардың Құрылтай сайлауына қатысып, өз пікірін білдіруі – ел болашағына салынған инвестициямен тең.
Қоғамдық келісім мен өзара сенім де өздігінен қалыптаспайды. Ол адамдардың бір-біріне құрметпен қарауынан, ортақ іске бірге атсалысуынан басталады. Егер әркім тек өз мәселесін ғана емес, елдің ортақ мүддесін ойласа, қоғам әлдеқайда берік болады. Құрылтайдың негізгі құндылығының бірі – адамдарды дәл осындай ортақ жауапкершілікке тәрбиелеуі.
Менің ойымша, Құрылтайдың ең үлкен жетістігі – халық пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуі. Ал Құрылтай сайлауы сол байланыстың берік болуына негіз қалайды. Себебі таңдау жасау арқылы әр азамат елдің ертеңіне өз үлесін қосады.
Елдің болашағы бір ғана адамның қолында емес. Ол – миллиондаған азаматтың адал еңбегі, дұрыс таңдауы және белсенді ұстанымының нәтижесі. Сондықтан үнсіз қалмай, қоғам өміріне араласу, Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауыңды жасау – Отанға деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Өйткені мықты мемлекет ең алдымен жауапкершілігі жоғары азаматтардан құралады.
Қыдырәлі Оралов, Байзақ аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы