Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттары мен Үкімет мүшелерінің алдында Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты маңызды құжатта мәлім болған жайттарды жамбылдық ҚАЖ қызметкерлері де өзге қазақстандықтар секілді мұқият тыңдады. Нақтылай түссек, өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінің басшы және жеке құрам қызметкерлері Президент Жолдауында айтылған ұтымды ұсыныс-пікірлерді қолдайтындықтарын жеткізді.
Жалпы, Жолдауда еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде нақты жоспарлар ұсынылды. Президент өз сөзінде Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырғанын атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған де күрделене түскенін жеткізді.
– Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр. Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Сондай-ақ Президент билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керектігіне де тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Ал биылғы Жолдаудың жөні – бөлек, жолы – басқа. Мұны Президент: «Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша», – деп те атап өтті. Бастысы, бұл құжатта қарапайым халықтың көкейінде жүрген көптеген түйткілді проблемалар қозғалды. Қорыта айтқанда, Президент Жолдауының әр жолы ерен еңбекке жұмылдырып, жігеріңді жанып, рухыңды асқақтатады, – дейді ҚАЖ қызметкері.