Қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің өркендеуі ең алдымен заң үстемдігіне, әділдік пен азаматтардың тең құқығын қамтамасыз етуге байланысты. Әрбір адам өзінің қоғамдағы орнына, әлеуметтік жағдайына немесе ұлты мен тіліне қарамастан, заң алдында тең болуы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі.
Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген осы қағидат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайтуға бағытталған. Ата Заңның 16-бабында заң мен сот алдында барлығының тең екені, сондай-ақ азаматтарды қандай да бір белгілеріне байланысты кемсітуге жол берілмейтіні айқын көрсетілген.
Заң алдындағы теңдік дегеніміз – әр адамның құқығы бірдей қорғалуы, баршаға ортақ заң талаптарының ешкімге артықшылық бермей қолданылуы. Адамның лауазымы, материалдық жағдайы, ұлты, тілі, діни көзқарасы немесе тұрғылықты жері оның құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге негіз болмауы керек.
Әсіресе, көпэтносты Қазақстан қоғамында бұл қағидаттың маңызы зор. Түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қордай ауданында өзара сыйластықты сақтау, әр азаматтың ар-намысы мен құқығын құрметтеу – қоғамдық келісім мен бірліктің берік негізі. Әділетті қоғам қалыптастыру үшін әрбір адам заңды құрметтеп қана қоймай, өзгенің де құқығы мен бостандығына құрметпен қарауы қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары да осы бағыттағы жұмыстың маңызын айқындайды. Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы, азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуы және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуы – ел дамуының маңызды шарттары.
Менің ойымша, заң алдындағы теңдік тек Конституцияда жазылған норма ретінде ғана қалмауы керек. Ол күнделікті өмірде, мемлекеттік органдардың жұмысында, қоғамдық қарым-қатынаста және әрбір азаматтың іс-әрекетінде көрініс табуы тиіс. Заң бәріне ортақ болғанда ғана қоғамда әділдік орнап, халықтың мемлекетке деген сенімі нығаяды.
Сондықтан Ата Заңда белгіленген теңдік қағидатын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Заңды құрметтеу, өз құқығымызды білу және өзгенің құқығын бұзбау арқылы біз әділетті, бірлігі бекем әрі жауапты қоғамның қалыптасуына үлес қоса аламыз.
Ә. Сейілханов,
Қордай ауданының Құрметті азаматы