Біз кз

ТАРАЗДЫ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ: ОБЛЫС ӘКІМІ МЕРДІГЕРЛЕРГЕ НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының орталық көшелерінде жүргізіліп жатқан абаттандыру және қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы құрылыс алаңдарын аралап, жобаның жүзеге асу барысын зерделеді. Сонымен қатар жұмыс кезінде тұрғындарға қолайсыздық туғызған бірқатар мәселеге назар аударып, қала басшылығы мен мердігер ұйымға нақты тапсырмалар берді.

Тараз қаласының сәулеттік келбетін жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жоба шаһардың бірнеше орталық бөлігін қамтиды. Атап айтқанда, абаттандыру жұмыстары Абай даңғылының Дінмұхаммед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейінгі аралығында, сондай-ақ Төле би даңғылының Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейінгі бөлігінде жүргізілуде.

Аталған аумақтар қаланың қоғамдық және көлік қозғалысы тұрғысынан маңызды орындардың бірі саналады. Сондықтан орталық көшелерді жаңғырту шаһардың жалпы келбетін жақсартып қана қоймай, жаяу жүргіншілер мен қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталған. Жоба 2027 жылға өтпелі болғандықтан, жұмыстар бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды ретке келтіру көзделген. Атап айтқанда, электр және интернет желілері тартылып, жасыл желектерді күтіп-баптауға арналған суару жүйесі жүргізіледі. Сонымен қатар су ағар лотоктары жаңартылып, су өткізу жүйесін ретке келтіру жұмыстары атқарылады.

Инженерлік желілерді жаңарту аяқталғаннан кейін аумақтың сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар қолға алынады. Жаяу жүргіншілер жолдарына тас төсеніштер төселіп, заманауи үлгідегі орындықтар, қоқыс жәшіктері мен көше жарықтандыру шамдары орнатылады. Бұдан бөлек, қоғамдық көлік пайдаланушылары үшін аялдамалар да жаңартылады.

Жоба аясында 30 орындық, 30 қоқыс жәшігі мен 700 арық науасын орнату жоспарланған. Сонымен қатар аумаққа ағаштардың үш түрі отырғызылып, көпжылдық шөп егіледі. Бұл жұмыстар көшелердің эстетикалық көрінісін жақсартып қана қоймай, қаладағы жасыл аймақтардың көлемін арттыруға бағытталған. Жаңартылған жаяу жүргіншілер жолдары, заманауи жарықтандыру жүйесі мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай қалыптастыруы тиіс.

Жұмыс барысын зерделеу кезінде Ербол Қарашөкеев құрылыс алаңдарындағы ретсіздікке, қазылған аумақтардың уақытша қалпына келтірілмеуіне және тұрғындарға келтіріліп отырған қолайсыздықтарға ерекше тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, соңғы күндері орталық көшелердегі абаттандыру жұмыстарына байланысты тұрғындардан шағымдар көбейген. Құрылыс барысында пайда болған топырақ үйінділері мен жиналып қалған материалдар қала көшелерінің көркін бұзып қана қоймай, жаяу жүргіншілердің еркін қозғалуына да кедергі келтіруде.

Облыс әкімі тұрғындардың пікірін орынды деп бағалап, құрылыс жұмыстары келесі жылға жалғасатындықтан, уақытша тоқтатылған немесе әзірге аяқталмаған учаскелерді ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

– Орталық көшелерді абаттандыру жұмыстарының барысындағы қолайсыздықтарға соңғы күндері тұрғындар тарапынан шағымдар көбейген. Олардың сыны орынды. Мен тұрғындардың пікірін толық қолдаймын.

Абаттандыру жұмыстары келер жылға өтпелі болғандықтан, қазылған жерлер құрылыс қайта жалғасқанға дейін уақытша реттелуі керек. Топырақ үйінділері, құрылыс материалдары жиналып қалған. Бұл қала көркін бұзады. Тұрғындардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді.

Құрылыс кезінде де тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы халыққа тұрақты ақпарат берілсін.

Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайсыздық туғызу емес. Қаладағы әрбір өзгеріс халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Қала тазалығы мен көркі де назардан тыс қалмауы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ өңір басшысы алдағы кезеңде жауын-шашынның түсуіне байланысты туындауы мүмкін мәселелерге назар аударды. Уақытша ретке келтірілмеген қазылған аумақтар жаңбыр жауған кезде лай-батпаққа айналып, тұрғындардың жүріп-тұруын одан әрі қиындатуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мекемелер мен мердігер ұйым құрылыс алаңдарын ретке келтіру жұмыстарын созбалаңға салмай, тиісті шараларды жедел қабылдауы қажет.

Осыған байланысты облыс әкімі қала басшылығы мен мердігер ұйым өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарындағы артық топырақ пен материалдарды жинау, қазылған жерлерді уақытша ретке келтіру, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайсыздық тудыратын жағдайларды барынша азайту міндеттелді. Сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы халыққа тұрақты әрі ашық ақпарат беріп отыру қажеттігі ескертілді.

Жалпы, Тараздың орталық көшелерін абаттандыру жобасы шаһардың заманауи келбетін қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Дегенмен құрылыс жұмыстарының нәтижесі тек жаңартылған жолдар мен орнатылған нысандар арқылы ғана емес, оны жүзеге асыру кезеңіндегі тәртіп, тазалық және тұрғындардың қауіпсіздігі арқылы да бағаланатыны анық.

Сондықтан мердігер ұйымдар мен жауапты мекемелер құрылыс қарқынымен қатар, қала тазалығы мен халыққа қолайлы жағдай жасауды да басты назарда ұстауы тиіс. Өйткені кез келген абаттандыру жұмысының түпкі мақсаты – тұрғындардың игілігіне қызмет ету.

Leave A Reply

Your email address will not be published.