Біз кз

«Қайырымдылық керуенінің» жамбылдық жеңімпаздары

«Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Байқауды дәстүр бойынша ұйымдастырушы – Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы. Биыл  республика бойынша аталған байқауға барлығы 1000-нан астам адам қатысты. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда өте көп көрсеткіш.

Осыншама қатысушының арасынан жамбылдық жерлестеріміз топ жарып, барлық аталым бойынша жеңімпаз болды. Әрқашан жасап жүрген қайырымды, игі істері еленді.

Түркістан қаласында өткен салтанатты шарада конкурстың жеңімпаздары мен лауреаттарын марапатталды. Онда жоғарыда атап өткеніміздей, Жамбыл облысынан үздік деп танылған  6 жеңімпаз көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Аталған алты азаматтың үшеуі бірінші орын және үшеуі екінші орынның тұғырынан көрінді.

Бұл жеңімпаздар біздің өңірде танымал, бірақ елге қагшама жақсылық жасап, игі іс қылып жүрсе де онысын міндетсінбейтін, жар салып мақтанбайтын қарапайым жандар. Ендеше, «Қайырымдылық керуенінің» жеңімпаздарымен таныс болыңыздар! Олар:
Бірінші орын алған – Анар Бексұлтанова. Ол «АСАР» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Тігін шеберханасын ашып, мүмкіндігі шектеулі және мүгедек аналарға көмек көрсетіп, көпбалалы аналарды қолдаумен айналысады. Ұлттық бұйымдарды кеңінен насихаттап, халық қазынасын танытуда көп еңбек етуде. Қайырымдылық істерден шет қалмайды.

Келесі жеңімпаз – Мөлдір Анарбаева. «ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТАРИХЫ» аталымы бойынша үздік атанды. Журналист, блогер, көпбалалы ана, үлгілі жар және келін. Халық дәстүрлерін насихаттаушы, патриот. Әрқашан адал еңбек етіп, жұмыс істеуден қашпайтын, өмірін жақсы жаққа өзгертуге тырысатын аналарға, көпбалалы отбасыларға қоғамның назарын аударудан, соларға қолдау көрсетуден танбайды. Оның ұйымдастыруымен, көмегімен 6 отбасына, соның ішінде балалар үйінің түлектеріне 6 пәтер сатып алынды!

Бірінші орын иеленген келесі жамбылдық – Ирина Келлер. «Жануарға мейірім» аталымы бойынша үздік деп танылған ол «Ақтөс-Тараз» қоғамдық қорының жетекшісі, облыстағы белгілі зоотехник. Ол ұйымдастырып отырған иттерген арналған қорғаншылық алаңында 1000-нан астам жануар мекендейді. Оған өз қаражаты мен қамқор азаматтардың, еріктілердің қаражаты есебінен ас-ауқат алады. Бұл үлкен физикалық және моральдық жұмысты талап ететіні анық.

Қайырымдылық жасаудың үлгісін көрсетіп, жүлделі екінші орын алған «Наурызбай-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы – Әлия Әубәкірова. Байқауға Жамбыл облысы, Меркі ауданы атынан қатысқан ол «Туған жер» аталымы бойынша марапатталып отыр. Әлия Әубәкірова Меркі ауданындағы танымал меценат. Ол жұбайымен бірге Сұрат ауылында мешіт салып, 8 жылдан бері өз қаражаттарына түрлі мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орындары мен колледждерде студенттерді оқытуда. Оның ішінде ауданға қажетті медицина саласы мамандарын оқытуға тырысады. Қайырымды азаматтардың ықпалымен мамандық меңгерген жастар саны бүгінде отызға жуық.  Әлия Наметхазықызы өзі де дәрігерлер әулетінің негізін қалаушы. Ол ерекше азаматтарды дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге көп көңіл бөледі.

Ал Шу қаласының тұрғыны, 9 сынып оқушысы Мирас Мейірхан адам өміріне араша түскен бүгінгінің батыры. Өрт болған үйден жігіт ағасы мен 2 қарындасын құтқарып қалған. Батыл жігіт «Қайырымдылық керуені» байқауының екінші орын жүлдегері.

Жамбыл облысында әрқашан белсенді қызмет ететін қоғамдық бірлестіктің бірі – «ОТТЕГІ-SOS» ұйымы. Республикалық байқаудың «Мейірім жолында» аталымы бойынша екінші орын тұғырынан көрінген қоғамдық бірлестіктің халыққа тиігізіп жүрген көмегі орасан. Бұл еріктілер қозғалысы Тараз қаласындағы ең мықтылардың бірі және бірегейі.

Қоғамдық бірлестіктің мүшелері пандемия кезіндегі ең қиын уақытта азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін күш біріктірген болатын. Сол кезде олар күн сайын облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықтан оттегі баллондарын толтырып, облыс ауруханаларына жеткізген болатын. Қазір де түрлі бағыттағы қайырымдылық жұмыстарын жалғастыруда. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жиі көмек көрсетеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.