Біз кз

Досаев Тоқаевтан көмек сұрайды

Қайрат Досаев – 2019 жылы Тараз қаласының әкімі болған азамат. Сол жылдың күзінде қала мектептерінің бірінде оқушы қыз зорланып, бұл сұмдық жағдайға Президент Қ. Тоқаевтың өзі араласқан болатын.
Сөйтіп, Қайрат Досаевты қызметінен босатқан. Осылайша, әкімдік қызметке кіріскеніне жарты жылдан енді ғана асқан шенеунік «енді менің шынында бұл қызметте қалуға моральдық құқым жоқ» деп өз өтініші бойынша жұмыстан шыққан. Қайрат Әскербекұлы «Мен кінәлі емес едім, мен қызметке енді ғана келдім ғой» деп ақталып, шабылып жүрмеді. Жағдайды түсінді, жауапкершілікті сезінді. Президенттің шешіміне бірден бас иіп, тиісті жазасын алды.
Жалпы, ел аумағында мұндай жантүршігерлік оқиғалардың түр-түрі орын алып жатыр. Бірақ билік осыған қатысты басшыларды жазалауда басқасына Тараздағыдай назар аудармады.
Бәлкім, басқасына сабақ болуы үшін Досаевты «құрбан» еткен шығар. Әйтпесе, қылмыс жасамаған адамды мүлде қызметке жолатпай қоюдың басқа себебі байқалмайды.
Айтпақшы, Досаев әкімдіктен кеткен соң арада бір ай өткенде облыстың сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов оны Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы етіп тағайындады. Әлбетте, бұл қызметке тағайындау үшін азаматтың талай тексеруден өткені анық. Яғни, Досаевтың қайта қызметке оралуы – «жоғарғы жақтың» келісімімен, мақұлдауымен ғана жүзеге асады.
Досаев облыстың Бас мемлекеттік инспекторы қызметін тура бір жарым жыл атқарады. Сосын Мырзахметовтен кейін облыс тізгінін ұстаған Бердібек Сапарбаев 2021 жылдың тамызында Қайрат Досаевты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне ауыстырды.
Міне, қызық осы кезде басталды. Кейбір ақпарат құралдары таратқан «Тоқаев қызметінен босатқан Қайрат Досаев басқарма басшысы болып тағайындалды» деген жаңалықтың соңы қызу пікірталасқа ұласып, ақырында Президент бұл іске қайта араласып, Қайрат Әскербекұлы жаңа қызметін бір күн де атқармастан қайтадан босады.
«Дәретхана дауынан» кейін қала әкімі қызметінен босатылып, жазасын алған адам тағы да қызметтен қуылды. Ең қызығы, Досаев бір жарым жылдан бері облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін ешқандай дау-дамайсыз-ақ атқарып келді. Неге сол кезде шу болмады? Оның басқарма басшысы болуына жоғарғы жақ келісім берді емес пе? Енді екінші басқармаға ауысқанда баяғы оқиға естеріне түсіп, қызметтен шеттеткені шынын айту керек, адам күлерлік жағдай емес пе? Сонымен, Досаев қызметінен тағы босатылды.
Досаев бұл жолы Мемлекет басшысына арнайы хат жазды. Онда:
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 2021 жылдың 3-тамызында облыстық табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалып, Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл қызметтен босатылдым. Қалай болғанда да, ел Президентінің құзыры мен облыс әкімінің саяси шешіміне еш айтар дауым жоқ. Алайда, өмірімнің үлкен бөлігін мемлекеттік қызметте өткізген мен үшін бұл өте ауыр болды. Отбасыма да ауыр тиіп отыр. Қоғамға адалдығым, мемлекет билігіне зор сенімім және азаматтық намысым үшін кеңпейілдік күтемін» деп жазады. Бірақ билік кеңпейілділік танытпады. Қайрат Әскербекұлы тура бір жыл жұмыссыз жүрді.
Айтпақшы ел Президентіне әлеуметтік желі арқылы жазған Үндеуіне 2022 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік мекемесінен «Сіз басқарма басшысы қызметінен өз өтінішіңіз бойынша босағансыз. Бос вакансиялық конкурстарға қатысуға құқыңыз бар» деген сыңайда жауап хат келеді. Сонда қалай? Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Сізге лауазымды қызметке баруға болады, бәрі заңды» дейді де сол биліктің екінші бір тармағы «Сізді заңсыз тағайындаған» деп қызметінен босатып жібереді.
О баста еңбек жолын Алматыда инженер болып бастаған азамат 2022 жылдың тамыз айында «ҚазАвтоЖол» ЖШС-нің Жамбыл облыстық филиалының бас инженері боп жұмысқа тұрады. Яғни, өз мамандығына қайта оралды.
Міне, содан бері де жарты жыл уақыт өтіпті. Жақында тағы бір сайттарда «Президенттің пәрменімен босатылған Досаев тағы қызметке барды» деген сыңайдағы ақпараттар жариялап еді, қайтадан алапат дауыл басталды. Қысқасы бұл іске Астананың өзі араласып, ақырында Қайрат Досаев тағы да қызметінен кету жөнінде арыз жазып беруіне тура келген. Міне, осылайша Досаев бір іс бойынша үш мәрте жазаға тартылды. Үшінші мәрте қызметінен босатылды.
Енді өзіңіз ойлаңызшы, қала әкімінен, басқарма басшылығынан босатылуын ақылға сыйдырып көрейік. Ал енді «ҚазАвтоЖол» деген мекеме ЖШС емес пе? Онда да экс-әкім бірінші басшы емес, бас инженер қызметін атқарып жүрген. Сонда Досаев енді қайда барып жұмыс істеуі керек? Ертең бір мекемеге күзетші болып тұрса да кінәлі боп шыға ма, қалай өзі?..
Досаев пара алып немесе мемлекет қаржысын жеп істі болған жоқ. Оны өңірдің азаматтары мен қарапайым халқы құрметтейді, сыйлайды.
Сондықтан, Қайрат Досаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен де әкемін, мен де қыз тәрбиелеп отырмын. Сондықтан мектеп дәретханасында болған сұмдық оқиға мен үшін де үлкен трагедияға айналды. Өкінішке қарай, Сізге жалған ақпараттар берілді. Сол жалған ақпараттардың нәтижесінде мен Сіздің пәрменіңізбен үш мәрте қызметімнен босатылдым. Әйтпесе мектептегі жағдайға байланысты мені атқарып отырған жұмысымнан босата отырып, қызметімді төмендетіп, басқармаға жіберген болатын. Кейін одан да босатылдым. Дәл қазір менің жұмысымды, тәжірибемді оң бағаласа да ешқандай мекеме мені жұмысқа алғысы келмейді. Мен мемлекеттік мүдде жолында бар ақыл-ойымды, ерік-жігерімді, тәжірибемді, білімімді адалдыкпен сарқа пайдаланатыныма жеке басыңызды сендіргім келеді»

дейді Алматы облысы, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Досаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.