Біз кз

Ән салса, Жанар салсын!

Ән әлеміне сазды үнімен қадам басып, тыңдарман қауымды өнерімен тәнті еткен Жанар Аманқұл – тума талант иесі.
Сахнаға алғаш шыққан сәттен бастап, өнер өлкесіне іңкәр жүрекпен келген талант иесі екендігін 2016 жылдан бастап аудандық деңгейдегі ән байқауларында, одан кейін Тараз қаласында өткен «Ұлы Дала ұрпағы», «Жас Ұланның-Жұлдызы», «Art Baiterek», «Тәуелсіздік тұғыры» сайыстарында мойындатқан еді. 2020-2022 жылдары республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Мисс фестиваль Арт Қазақстан» ІІІ телевизиялық мега байқауда 1 орынды жеңіп, Астана қаласында «Арт Жұлдыз» халықаралық байқауында лауреат атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталып, бас жүлдені иемденеді. Осы жылы Алматы қаласында өткен «Жарық жұлдыз» халықаралық байқауда «вокал» жанры бойынша Жанар бас жүлдені қанжығасына байлайды. 2023 жылы Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналған «Әуелей ұш-Ару ән» облыстық әншілер байқауында (14-17 жас аралығында) бас жүлдені, Алматы шаһарында «Мәңгілік Ел мақтанышы» атты республикалық рухани-патриоттық байқауында топ жарады. Сондай-ақ «Жеті өнер» VІ халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсының 2021-2022 оқу жылындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, еліміздің барлық өңірінен жиналған кіл мықтылар арасынан суырылып шығып, «Бақытты балалар мекені-Жаңа Қазақстанды» өркендетуге өнері мен білімін арнайтын дара талант иесі ретінде Жанар Аманқұл арнайы Дипломмен ардақталып, grand prix жүлдесін жеңіп алады. Кең де қуатты, биік өрлейтін өрелі үнімен Жанар Мақсатқызы ән салғанда адам жанын түрлі толғанысқа салып, сырлы сезімге жетелейді.
Ән салса, Жанар салсын!
Еліктің лағындай сүйкімді келген Жанар Түймекент орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Бір жарым жыл бұрын зейнетке шыққан, ұстазы, музыка пәнінің мұғалімі Ботакөз Әлішева талантты шәкірті-Жанардың орындаған әндерінің көңілден шығып, жүректерден орын алуына үлкен еңбек сіңіруде. Ботакөз Сейіткерімқызының бір ерекшелігі, шәкіртінің шығармашылығына үлкен жауаппен, ән таңдауға ерекше талғаммен қарайтын, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын жан.
Көрерменнің сүйіспеншілігіне сүйеніп, ықыласымен қанаттанған әнші қыз-Мақсат пен Гүлвира атты ата-ананың өнегелі тәрбиесінде өсіп келе жатқан ортаншысы. Оның бойындағы өнерге деген құштарлығын алғаш байқаған, халық әндерін қастерлейтін әжесі Роза еді. Бүгінде әжесі немересінің әнге деген құштарлығын қолдап, дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Атасы Аманқұл болса әнші немересін мақтан тұтады.
Ән-жүректің тілі. Әнсүйер қауымның жанын баурап, жүрегін жаулаған жас өнерпаз биылғы жылдың мамыр-маусым айында Түркия, Египет, Ташкент және Ыстықкөлде өтетін «Zhulduz art Kazakhstan» халықаралық байқауына жолдама алып отыр. Арманы-туған ауылының даңқын әлемге таныту.
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар»,- деп хакім Абай айтқандай, Жанардың репертуары өте бай. Сахнада өзін-өзі ұстауы мен ән айтудағы шеберлігі үйлескен өнерпазды ел-жұртқа «Кең дала» әні танытқан екен. «Көмейіне бұлбұл ұялаған» ол мектепте оқу озаты, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Мақпалдай жұмсақ үнімен халық әндерін әуелетіп салғанда әннің құдіретіне еріксіз бас иесің.
Ән салса, Жанар салсын!

Бақтыгүл Әбдібайқызы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.