Біз кз

Сапарбаев Фейсбукта отырмағандарды «оңдырмайтын» болды

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұдан былай әлеуметтік желілермен жұмысты өз бақылауына алатынын айтты. Сондай-ақ, аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан бұл тұрғыда жіберген кемшіліктері үшін жауап алды.

Аппараттық кеңесте жан-жақты талқыға түскен әлеуметтік желілер мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру бастамасын орындаудан туындап отырса керек.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы:

«Кейбір аудан әкімдерінің парақшасы тіркелгенімен, жүйелі түрде жүргізілмейді, кері байланыс жоқ деуге болады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының наразылығын тудыратыны сөзсіз. Мәселен, Меркі ауданының әкімі жыл басынан бері фейсбукта бірде-бір пост салмаған. Жуалы ауданының әкімінің инстаграмдағы парақшасы жабық, яғни жалпыға қолжетімсіз, фейсбукта ешқандай жазба жарияламаған. Сарысу ауданы әкімінің инстаграм, фейсбукте парақшалары жыл басынан бері мүлде жүргізілмейді. Т. Рысқұлов ауданында да өзекті мәселелер бойынша нәтижелі кері байланыс орнатылып, нақты жауаптар ұйымдастырылмаған»

деді баяндама жасап. Сондай-ақ, ол барлық аудан әкімдері мен басқарма басшыларының инстаграм және фейсбук парақшаларының болуы керектігін әрі олардың сапалы жүргізілуі қажеттігін атап өтті.

Ал облыс әкімі әлеуметтік желілерде жіберген кемшіліктерін түзеу үшін аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бір ай уақыт берді.
«Мемлекет басшысы халықпен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша назар аударуда. Ал, біз жергілікті жерде бұған қаншалықты мән беріп отырмыз? Қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Барлық ақпаратты сол жақтан алады. Аудан әкімдері, басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете білуі тиіс. Өзекті мәселелер бойынша шағымдарға жедел нақты жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек.
Әрбіріміз өзіміздің азаматтығымызды танытып, халықты елдікке үндеп, бірлікке шақыруымыз қажет. Сонда ғана түрлі бағыттағы жалған ақпараттарға, арандатушыларға тосқауыл бола аламыз. Әлеуметтік желілермен жұмыс жүйелі жүргізілсе, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша уақытылы шара қабылдай аласыздар» – деді Бердібек Сапарбаев.

Ендеше, облыс басшысының тапсырмасын аудан әкімдері мен басқарма басшылары қай деңгейде орындайды екен?  Бердібек Сапарбаевтың өз бақылауына алған мәселесін  BIZ де назарда ұстайтын боламыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.