Талас ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Тлешов өңірде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып отырған кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов пен аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров қатысты.
Кездесуде аудан прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Тлешов аудан аумағында жүзеге асып жатқан маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында құзырлы орган тарапынан жүргізілетін жұмыстарға тоқталып, инвесторлармен кездесудегі мақсат та осы жобаларды іске асыру барысында кездесетін кейбір қиындықтарды бақылауға алу мен құқықтық- консультациялық қолдау көрсету екендігін атап өтті.
Өңір экономикасының дамуына үлкен үлес қосып отырған «Talas Investment Company» ЖШС еліміз бойынша натрий цианидін өндіретін алғашқы әрі жалғыз өндіріс ошағы. Жылдық қуаты 15 мың тонна натрий цианидін өндіруге қауқарлы зауыт қазіргі таңда бұл көрсеткішті 30 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда. Өнім көлемін арттыруға ниет білдірген зауыт басшылығы жаңадан ашылатын жұмыс орындарындарының санын да 300 адамға дейін арттыруды көздеп отыр. Ауданда 2014 жылы іске қосылған зауыттың екінші кезеңі осы жылдың қыркүйек айында бастау алып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жиын барысында республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қарастырылған жобаның инфрақұрылымын тарту жұмыстарына қолайсыздық тудырып отырған кейбір мәселелерді алға тартқан «Talas Investment Company» ЖШС бас директорының орынбасары Әбдібек Жүнісбеков прокуратура органдарымен сүйемелдеуді қажет ететін жайттарды да атады. Өндірс көлемін арттыру үшін электр жүйелерінің қуаттылығын да екі есеге арттыру қажет екендігін, қазіргі таңда амоний сульфатына сұраныс төмендегендіктен зауыт өнімді әртараптандыруды жоспарлап отырғандығын айтқан Әбдібек Жүнісбеков бұл бағыттағы жұмыстарға аймақ басшылығы тарапынан қолдау керек екендігін жеткізді.
2023-2024 жылдары аудан аумағында іске асырылатын жобалардың бірі минералды тыңайтқыштар өндіретін «Азия хим» ЖШС және пиросульфинатрий өндіретін «Karatau Chemicals» зауыты. Аталмыш өндіріс орындары іске қосылған жағдайда өңірдің өндіріс көлемі артып, екі өндіріс ошағын қоса алғанда тағы 260 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауданның экономикалық әлеуетін арттыруда бұл жобалардың маңызы жоғары екендігін атап өткен аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов индустриялық аймақты кеңейту бойынша сөз қозғады. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров 2024 жылы іске қосылатын «Karatau Chemicals» ЖШС мен «Азия хим» зауытының индустриялық аумағын кеңейту жоспарда бар екендігін айтса, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аталмыш кәсіпорын өкілдері зауытты межелі мерзімде іске қосуға ешқандай кедергі жоқ екендігін жеткізді.