Біз кз

Тәрбие түзелмей, қоғам дамымайды

жастар форумына қатысқан Сәуле Мешітбайқызы осылай дейді

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті ел ішіндегі оқымандармен байланысын еш үзген емес. Ақпарат кеңістігінде мақсатын айқындап, алған бағытын қалыптастырған басылымның атауы республика жұртшылығына таныс. Мұны еліміздің әр өңірін аралап, халықпен кездесіп, көпке ортақ мәселеге назар аудара білген басылымның бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Ел-Ана» қоғамдық қорының президенті, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызының табанды еңбегімен байланыстырғанымыз жөн.
Осы жылдың өзінде Сәуле Мешітбайқызы Талас ауданына екінші рет келіп, көпшілікпен кездесті. Бұл жолғы жұртшылықпен жүздесудің сәті «Үлкеннен ұлағат» атты жастар форумында түсті. «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруындағы шараға шақырту алып, арнайы келген С.Мешітбайқызы көрген мен көңілге түйген ойларын бөлісіп, бала тәрбиесіне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова форумның ісіне сәттілік тіледі. Ал, форумды жүргізген «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұрсұлтан Манатбеков Ел-анасы атанған Сәуле Мешітбайқызының өмірі мен еңбек жолына тоқталып, шығармашылығына қатысты ой-пікірін білдірді.
Кездесу ұйымдастырып, құрмет білдіріп отырған ұйымдастырушылар тарапына ризашылығын білдірген С.Мешітбайқызы: -Қазірдің өзінде еліміздің төрт өңірін аралап келемін. Әр жүздесу жүрегімде. Ықыластарыңызға рахмет. Жиынға келген жастардың қатары басым екен. Біздің жастық шағымыз оңай болған жоқ. Соған қарамастан арманшыл болдық, алдымызға үлкен мақсат қойдық. Адамды алға жетелейтін-арман. Ұстаз болуды армандадық. Ол орындалды. Талай жыл Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепте қызмет атқардым. Бұл жолда қиындықтар жолықпай қоймады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, балалардың ана тілінде білім алуына күш салдық. Оңай болған жоқ. Мамандары тек орыс тілінде ғана сөйлесетін «Қазақтелеком» АҚ-да жұмыс жасап, онда қазақ тілі мұғалімдерін тарта білдім. 63 жасымда қазіргі басқарып отырған басылымға келдім. 70 жасымда бас редактор болдым,-деді.
Жастардың азамат болып қалыптасуы үшін тынымсыз іздену керектігін алға тартқан форум қонағы көктемде келген сапарында талабымен, шығармашылық қабілетімен ерекшеленген Қаратау қаласындағы мектеп-лицей оқушысы Әйгерім Төрегелдіге (қазір Тараз қаласындағы кәсіптік-техникалық лицейде білім алады) «Мөлдір бұлақ» журналының облыстағы меншікті тілшісі куәлігін тапсырды. Ал мектеп-лицей директоры Запира Алпыспаеваға «Qazaqstan dauiri» газетінің мерейтойлық медалін тақса, осы білім беру мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Берікхан Анарбаевқа газетке жарияланған мақалалар негізінде құрастырылған кітапты тарту етті. . Дәл осы жиында қалам ұстап, шығармашылық қырымен танылып келе жатқан аталмыш мектеп-лицей оқушылары Ермахан Алтынхан, Айдын Шардарбек, Аяжан Бауыржан, Дана Махади «Мөлдір бұлақ» балалар журналының жас тілшілері атанды.
Форум барысында қазақ басылымдарының жабылуы, оқырман санының азаюы, ұрпақ болашағына қатысты пікірлер айтылмай қалмады.
Өз кезегінде ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Данагүл Молдабекова, Берікхан Анарбаев, «Qazaqstan dauiri» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Жасұлан Сейілхан, «Qazaqstan dauiri» газеті бас редакторының орынбасары Рауан Мутаир, Ақсұлу Байболатова бала тәрбиесі туралы ой-пікірлерін білдіріп, жастарды үлкеннің ақылына құлақ асып, білім алуға шақырды.
Еркін форматта, емен-жарқын әңгімемен өрбіген жиында Сәуле Мешітбайқызы аудан жастарына үндеу жариялады. Өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, талабын ұштап, ортақ мақсатқа бастайтын құжатты бұл республикаға жолдайтындығын жеткізді.
Форумды қорытындылаған Нұрсұлтан Жексенбекұлы шақыртуды қабыл алып, арнайы келген Сәуле Мешітбайқызына ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Сондай-ақ бұл күні Сәуле Мешітбайқызы бастаған жастар қауымы «Жастар саябағына» ағаш көшеттерін отырғызды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.