Біз кз

Жоспарды жүзеге асырған жоба

Шаруашылық өнімінің артуы ауылдың көркеюімен байланысты. Сондықтан, ауыл-аймақ тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеру мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ. Мұның алдында облыс әкімінің бастамасымен пилоттық жоба ретінде қол алынған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына Талас ауданынан Үшарал ауылдық округі таңдап алынған болатын. Кәсіпке ниет білдірген шалғайдағы ауыл тұрғындары жеңілдетілген пайызбен несие алып, шаруа айналдыруға көшкен-ді. Нәтиже жоқ емес. Қазір іске ыңғай білдіргендер ойдағы жоспарларын жүзеге асырып, нәсібін адал еңбектен айырып отыр. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінгі таңда Ойық ауылында жүзеге асырылып жатыр. Үш мыңға жуық тұрғыны бар округте жобаға қатысуға ықылас білдіріп, іске ниет танытқандар аз болмай шықты. Бүгінге дейін 111 адам «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие рәсімдеп, кәсіп бастаған. Жоба шартына сәйкес мұнда «Ойық ата» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған. Шаруашылық жұмыстарына 53 млн. 720 мың теңгеге 4 трактор сатып алған. Төмен пайызбен несие рәсімдеген азаматтардың дені мал шаруашылығымен айналысуды жөн тапқан. Мәселен, округ бойынша 546 млн. 540 мың теңгеге 370 мүйізді ірі қара, 27 бұқа, 531 жылқы, 3700 ұсақ мал алынған. Дегенмен кәсіптің өзге түрін таңдаған азаматтар да жоқ емес. Соның бірі-Фахреддин Рахаев. Ол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды мақсатқа жаратып, жеке көлік жөндеу орталығы мен өз-өзіне қызмет көрсету орнын ашты. Қазір ауылдағы екі отбасының бірінде көлік бар. Жүргізушілерге қолдағы техникасын алысқа апарып жөндеткенше шыққан ақауды ауыл ішінен қалыпқа келтірген әлдеқайда тиімді. Уақытқа да, қаражатқа да үнем. Көңілдегі ой әрі көптің тілегі Фахреддинді де қамсыз қалдырған жоқ. Алдымен өз қаражатына арнайы орынның қабырғасын көтеріп, төмен пайызға алған 3 млн. 950 мың теңгеге жұмысқа қажетті жабдықтарды жеткізіп алды. Бұған дейін ауыл арасындағы көліктерді үй ауласынан жөндеп, көптің алғысын арқалап жүрген Ф.Рахаевқа бұл кәсіп таңсық емес.
-Техниканың бұзылған жерін қарап шығу бұрыннан бар әуестігім. Қазір ауыл көшесінде машина да көбейді. Көлік жөндеу орнын ашсам деген ой келді. Үй іргесінен арнайы нысан соғып, жұмысымды бастап жатырмын. «Ауыл аманаты» жобасы ойда жүрген жоспарымды жүзеге асыруға сеп болды. Кәсібімді ширату үшін қасыма көмекшілерді де алмақ ниеттемін. Бастысы-еңбегімді елдің игілігіне жарату,-дейді кәсіп бастаушының өзі.
Өткенмен салыстыруға болмас. Расымен Ойық ауылы мемлекеттің қолдаулары мен округтен қанаттанған түлектердің бастамасы нәтижесінде көркейіп келеді. «Ауыл аманаты» жобасы қаншама тұрғынның жоспарын жүзеге асыруға сеп болғанын ескерсек, ауылдың болашағы бүгіннен де зор болатынына сенім мол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.