Облыс Әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова, облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов және Қан орталығының директоры Гулам Умаров, 5-қалалық емханасының бас дәрігері Динара Сәрсенова бастаған топ Сарысу ауданы тұрғындарымен кездесіп, оларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүмыстарының орындалуы мен оның іске асырылу жолдары туралы айтты.
Аудан бойынша сақтандырылмаған адамдар мен сақтандырылғандар туралы айта отырып, жеңілдікке кіретіндер, яғни жарна төлемейтіндер жөнінде арнайы ережені түсіндірді.
Аудан әкімі С. Мамытовқа бұл мәселені жетілдіру бойынша кедергі болып отырған мәліметтерді жеткізген басқарма басшысы бұл бағытта туындап отырған қиындықтарды бірлесе шешуді ұсынды.
Тегін медициналық кепілдендірілген көмек туралы айтқан облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов міндетті әлеуметтік көмекке жататын қызмет түрлерін және пациенттерді оңалту қызметтері мен мигранттар мен оралмандардың сақтандырылуы туралы түсіндірді.
МӘМС жүйесіндегі өзгерістер мен жарнаға қатысты сұрақтарға жауап берген аудандық орталық аурухана бас дәрігері Айнұр Каликованың айтуынша, ауданда сақтандырылған тұрғындар саны – 33 200 болса, сақтандырылмаған тұрғындар саны – 5270. Халықты тіркеу жүйесіне тіркелмегендер – 1050. Барлық түсіндіру жұмыстары жүргізілген тұрғындар – 4010. Ал, барлық сақтандырылған тұрғындар – 1479.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова МӘМС жүйесінде жұмысқа орналастырылған, бірақ сақтандырылмаған азаматтарды тіркеу жолдарын, ай сайын цифрлық отбасылық карта мәліметтеріне мониторинг жүргізуді және заңнамаға сәйкес шаралар қабылдаудың тәсілдерін айтып, халықты тіркеу бойынша алдағы уақытта атқарылар міндеттерді белгілеп, сақтандырылмағандарды тарту жөнінде ұсыныстар айтты.