Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші аптасы өтуде. Бұл апта «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Бұл апталық аясында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтары тазаланады, абаттандырылады.
Ондағы мақсат – жалғызілікті қарттарға, ардагерлерге, қарттарға көмектесіп жылулық сезімін жеткізу, сол арқылы басқаларға өнеге көрсету. Өйткені, «Атаңа не қылсаң, алдына сол келеді» дейді қазақ. Сондықтан қай уақытта болмасын ересектерді сыйлап, керек кезде қолұшын созып, үлкенге ілтипат, кішіге қамқорлық көрсету – дәстүрлі үрдіс.
Бүкіл Қазақстанды қамтыған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында Жуалы ауданында белсенді іс-шаралар өтіп жатыр. Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында «Ардагерлер аллеясы» аумағына абаттандыру, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы арқылы жастарды тазалыққа, жақсылыққа дәріптеу және аға буынның жастарға үлгі болуы. Өңірдің тазалығына бей-жай қарамай, қамқорлық көрсетуді насихаттау. Айтулы шараға ауыл жастары, тұрғындар белсенділік танытып, жастарды табиғатты аялауға шақырды.
Сондай-ақ, акция барысында Қоңыртөбе ауылының тұрғындары, тыл ардагерлері Р.Сатаев пен А.Жолдасовтың үйлерінің ауласына еріктілер тазалық жұмыстарын жүргізді.
Апта барысында мүмкіндігінше аудандағы көмекке мұқтаж қарттардың барлығын қамту қарастырылған.
Ал Қарасаз окургінің жастары “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында жалғызбасты қарттардың үйіне барып көмек беруде. Жастар жалғызілікті қарт ана Л.Бескровнаяның үйіне арнайы барып, есік алдын шөптен тазартып, үйдің сыртын, ішін сырлап, су келетін арығын толық тазалап берді. Өз кезегінде қария жастарға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Осындай игі шара аудандағы барлық елді мекенде жалғасуда.
…Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған жері – ол бұрынғы Орақ-балға ауылы болатын. Қазіргі Талапты ауылына барар күре жолға жақын орналасқан қасиетті мекенді қазір ел-жұрт Момыш бұлағы деп атайды.
Батыр туып-өскен қасиетті мекенді қадірлеп, оны кейінгі ұрпаққа ұлықтау мақсатында «Жас ұлан» жасақтары Момыш бұлағының көзін ашып, аумағын күл-қоқыстан тазалады.
Сенбілік жұмыстарына жалпы 100ден астам адам қамтылды.
Сонымен қатар, ауданның рухани орталығы болып саналатын Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза музейінде 100-ден астам адамның қатысуымен ауқымды сенбілік өткен болатын.
Шерхан Мұртаза көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылынан арнайы үй салынып берген болатын. Талапты – жазушының туған ауылы. Екі қабатты, еңселі ғимарат қазіргі күні музейге айналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Тазалықты жанына серік еткен жуалылықтар «Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығына белсене атсалысты. Акция аясында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына сенбілік жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылып, ауласын көркейтті, әктеу, сырлау жұмыстары мен шөптер орылып, қураған ағаштар кесілді.
Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына жүргізілген сенбілік жұмыстарына Шерхан Мұртазаның немере інілері Жалғас пен Ілияс Мұртаза ұл-қыздарымен арнайы қатысты. Сонымен қатар, ардагерлер, «Жас ұлан», «Жас қыран», «Жасыл ел» жасақтары және белсенділер жұмылдырылды. Сонымен қатар, акция соңында жас буын өкілдері қазақ әдебиетінің қызыл жебесі атанған Шерхан Мұртазаның оқулықтарымен танысты.