Көптеген өнер қайраткерлері мен елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалар шыққан шежірелі Сарысу өңірі өзінің спорттық тарихымен де және оның тамаша дәстүрлерімен мақтанады.
Сарысу өңірінде даңқы боксшы Серік Өмірбеков, атақты самбошы Евгения Богунова, дзюдошы Гүлзат Оралбаева, футболшылар Константин Горовенко, Серік Жаманқұлов, каратэ-дошы Бағлан Шубаев, грек-рим күресінің шебері Марат Гарипов, ережесіз жекпе-жекте ел абыройын асқақтатып жүрген Асу Алмабаев сияқты көптеген чемпиондар мен жүлдегерлердің тұтас тобы тәрбиеленген.
Үстіміздегі жылдың 5 мамыры күні Тараз қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында футзалдан «Сарысу ауданы Әкімінің кубогі» үшін ардагерлер арасында облыстық турнир өтті.
Денсаулық, шапшаңдық, сергектік сияқты құндылықтарды серік ететін бұл спорттың түрінен 1976-1977 жылдары туылғандар арасындағы турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Жарыстың құрметті қонақтары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, Жамбыл облыстық мәслихатының депуаты Оралхан Дәуіт және өзге де қонақтар жарыстың белсенді өтуіне қолдау білдіріп, жарысты спорт сүйер қауыммен бірге тамашалады.
Жарыстың ашылу салтанатында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
«Бүгін тамыры тереңнен бастау алатын Тараз қаласында Сарысу ауданы әкімінің кубогы үшін футзалдан өтіп жатқан турнирге қош келдіңіздер. Сарысу өңірінен шығып, әлемдік додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатқан туған жердің перзенттері аз емес. Бүгінде біздің спортшылар Сарысудың спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Олар өздерінің жоғары нәтижелерімен облысымыздың, республикамыздың беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде. Біз бүгінгі турнирдің сары даласынан талай саңлақ спортшылар шығарған Сарысу өңірінің атынан өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бұл жарыс өскелең ұрпаққа үлгі болып, олардың спортқа, оның ішінде футболға деген қызығушылығының артуына септігін тигізеді деп сенеміз» – деген аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Азаматтардың өзара достық қарым-қатынастарын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыратын осындай жарыстардың қатары көбейе беруіне тілектестігін білдірді.
Аталған турнирге Алматы қаласы және Жамбыл облысының аудандарынан 9 команда қатысып, бақ сынады.
Жарыс өте қызықты да тартысты болды. Қарсыластар шебер ойын өрнегін көрсетіп, бір-бірінің қақпасына қақырата доп соғып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды.
Тартысты өткен жарыста Алматы қаласының командасы 1-ші орынды жеңіп алды. Қордай ауданы жүлделі 2-ші орынды иеленсе, Жамбыл ауданы жүлделі 3-ші орыннан көрінді. Талас ауданының командасы 4 орынға ие болды.
Алматылық ойыншы Мерхат Мейрамбаев және сарысулық Манап Тілеубаев жарыстың «Үздік ойыншысы» атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, медальдармен және демеушілер есебінен қаржылай сыйлықтармен салтанатты жағдайда марапатталды. Сондай-ақ, үздік ойыншылар мен барлық қатысушыларға сый-сыяпаттар табысталды.
Жарыстың жеңімпазы Алматы қаласының командасына турнирдің кубогін және арнайы дипломды Сарысу ауданның әкімі Сәкен Мамытов табыс етті.
Сондай-ақ, шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының атынан осы турнирдің ұйымдастырылуына және өтуіне ат салысқан бірқатар азаматтарға естелік сыйлықтар табысталды.
Осылайша, Сарысу ауданының атынан Тараз төрінде өткен дүбірлі доп додасы өз мәресіне жетіп, қатысушыларға спорттық мереке, ұмытылмас әсер сыйлады.