Біз кз

Индустриялық серпін: «Jibek Joly» АЭА өңір дамуының жаңа нүктесіне айналуда

Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында бірқатар ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Аталған аумақта өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Солардың бірі – «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС-нің сутегі асқын тотығын (пероксидін) өндіретін зауыты. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар толық орнатылған. Қазір іске қосу-баптау кезеңіне дайындық жүргізілуде.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр және химия өнеркәсібін дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

Өндірілетін өнім химия, целлюлоза-қағаз және тоқыма салаларында, сондай-ақ өнеркәсіптік және су тазарту бағыттарында қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетіп, экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, «Yonggang Iron and Steel Group Co., Ltd» ЖШС-нің металлургиялық зауытының құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта прокат және құю цехтары салынуда. Сонымен бірге көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қатар қарастырылуда.

АЭА аумағындағы автоматтандырылған газ тарату станциясында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба инвестор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр, нысанның дайындық деңгейі 50%-ды құрайды.

Жалпы алғанда, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өнеркәсіптің дамуына серпін беруде. Сонымен қатар, өндірістік нысандарды белгіленген мерзімде іске қосу және арнайы экономикалық аймақтың көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Бұдан бөлек, өңірде экологиялық бастамалар да қатар жүзеге асырылуда. Ағаш отырғызу акциялары ұйымдастырылып, индустриялық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселесіне басымдық берілуде.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.