«Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы – жазасын өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеуде маңызды рөл атқарады. Өйткені, осынау жоба аясында сотты болған азаматтарға еркін өмірдегі құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндіріліп, олардың «екі қолына бір күрек» табуына жол ашылады. Сондай-ақ, сотты болғандарға қайта қылмысқа бармауы жөнінде қатаң ескертіледі.
Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінен жаза мерзімінің аяқталуына байланысты тараздық азамат бостандыққа шықты. Бұл күні ҚАЖ қызметкерлері «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы аясында 24 жастағы ер адамды мекеме қақпасынан шығарып салу барысында оған құқықтары мен міндеттерін нақты түсіндіріп өтті.
Айта кетейік, аталған азамат Қылмыстық Кодекстің 106-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, Жамбыл облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 6 жыл, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.