Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Өз кезегінде Парламент тиісті заңды қарап, Президент қол қойды.
– Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі. Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат, – деді Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Жуырда Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінде ҚР Конституциясына 30 жыл толуына байланысты қабылданған Рақымшылық туралы Заңға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл күні департаменттің арнайы есеп тобының бас маманы, әділет майоры Жансая Сарсембаева мен №26 мекемесі арнайы есеп тобының аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Арайлым Саттыбаева жазасын өтеушілерге заң талаптарын мұқият түсіндіріп, Ата Заңның 30 жылдығына орай сотты болған азаматтарға мемлекет тарапынан рақымшылық жасалатынын айтты. Олар өз сөздерінде мекемеде жазасын өтеген азаматтардың басым бөлігі түзелу жолына түскенін, ал рақымшылыққа ілінген жағдайда бостандыққа жолдама алғандар қайта қылмыс жасамайды деген сенім мол екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда №26 мекемесінде бас-аяғы 86 адам жазасын өтеп жатса, оның ішінде 16 сотталған рақымшылыққа ілінбек.