Біз кз

Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мәселелері талқыланды

Еліміздегі пенитенцианарлық жүйенің басты міндеттерінің бірі – бас бостандығынан айырылған жазасын өтеуші азаматтарды жұмыспен қамту. Бұл ретте түзеу мекемелерінің өндірістік аймағына жеке кәсіпкерлерді тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін дәл осы бағытта облыс орталығы – Тараз қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйытқы болуымен жиын өтті.

Басқосуға жергілікті кәсіпкерлермен қатар Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторлары да қатысты. Жиын барысында Президент тапсырмасы аясында сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің пәрменді тетіктерін қалыптастыру жөнінде әңгіме өрбіп, бас бостандығынан айырылған адамдардың қоғамға қайта бейімдеу бағытындағы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Айта кетейік, «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы арасында ведомствоаралық ынтымақтастық туралы төртжақты меморандум жасалған еді.

Жалпы, қазіргі таңда өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінде бас-аяғы 155 азамат жазасын өтеп жатса, оның ішінде 144 адам жұмыспен қамтылған. Арнайы өкілдерін тұрақты табысы бар жұмысқа орналастыру шаралары алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Фурхад НОВРУЗОВ,
№26 мекемесінің еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.