Жамбыл облысының Шу ауданында спорттық жарыстар мен профилактикалық семинарды біріктірген есірткіге қарсы науқан басталды. Жоба «Есірткісіз өмір сүр!» — » Живи без наркотиков!» ұранымен өтуде.
Іс – шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен және «Елу жылда-Ел жаңа» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Ашық аспан астындағы аудандық саябақта қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті: асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту. Қатысушылар күш пен ептілікті ғана емес, сонымен қатар командалық өзара әрекеттестікті де көрсете білді.
Жарыс жеңімпаздары үш аталым бойынша анықталды. Асық атуда бірінші орынды Төлеу Нұртаза, екінші орынды Мырзахметов Жалғас, ал үшінші орынды Сапаралы Диас иеленді.
Ләңгі тебуде Сержан Ғабитұлы көшбасшы болды, одан кейін Сапаралы Диас пен Қайырымбек Райымбек болды. Арқан тарту командалық сайысында «Төле би» командасы жеңіске жетті, екінші орынды «Балуан Шолақ» командасы, үшінші орынды «Шу қаласы» командасы иеленді.
Жарыс жеңімпаздары грамоталар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
— Біздің мақсатымыз — зиянды әдеттердің алдын алу және тұрақты өмірлік құндылықтарды қалыптастыру құралы ретінде ұлттық спорт түрлерін пайдалана отырып, жастарды салауатты және белсенді әлеуметтік ортаға тарту, — деді Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.
Мұндай іс-шараларды облыстың басқа аудандарында мүмкіндігінше жастарды көбірек қамту және есірткіні тұтыну мәселесіне назар аудару мақсатында өткізу жоспарлануда.