18 шілде – Халықаралық Нельсон Мандела күні. Бұл күнді 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен.
Оңтүстік Африкадағы нәсілдік кемсітушілікке қарсы ең танымал күрескерлердің бірі – Нельсон Манделаның туған күніне орай өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №67 мекеме қызметкерлерінің қатысуымен семинар өтті.
Жиынға еліміздің Ішкі істер министрлігі Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Қылмыстық атқару құқығы» кафедрасының аға оқытушысы, полиция подполковнигі Анара Уалиева арнайы қатысып, Н.Манделаның бейбітшілік пен бостандыққа қосқан үлесі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ол өз сөзінде Африканың тұңғыш қара нәсілді президентінің арпалысқа толы өмір жолына тоқталып, оның өз халқына жасаған жақсылығын атап өтті. Бұдан бөлек семинар барысында Н.Манделаның кітаптары мен ол туралы түсірілген деректі фильмдер талқыға түсті.
Айта кетейік, Н.Мандела саяси тұтқын ретінде 1962 жылдан 1990 жылға дейін бас-аяғы 27 жыл 6 ай 6 күн абақтыда отырған. Сонымен қатар ол 1993 жылы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері. 95 жыл ғұмыр кешкен қайраткер 2013 жылы дүние салды.