Жамбыл облысы аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу жөніндегі республикалық акция өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және қарудың заңсыз айналымын азайту болды.
Акцияны іске асыруға республикалық бюджеттен 10 миллион 896 мың теңге бөлінді. Оның қорытындысы бойынша қалалық және аудандық полиция бөлімдеріне азаматтардан 98 өтініш келіп түсті.
Барлығы 129 атыс қаруы ерікті түрде тапсырылды, оның ішінде 17-сі – ойық ұңғылы, 112-сі – тегіс ұңғылы. Өтемақы төлемдерінің жалпы сомасы 10 миллион 895 мың 572 теңгені құрады.
Халықтың белсенділігі азаматтардың құқықтық санасының өскенін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Мұндай акциялар қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алуда және халықтың ішкі істер органдарына деген сенім деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жамбыл облыстық ПД Баспасөз қызметі