Адам саудасы – бұл адам құқықтарын таптайтын, қылмыстық әрекеттердің ең ауыр түрлерінің бірі. Қазіргі таңда бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өткір тұрған қауіптің бірі болып отыр. Әсіресе, әлеуметтік және экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық, құқықтық сауатсыздық сияқты факторлар адам саудасының таралуына себеп болады. Жамбыл облысы Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, тұрақты түрде профилактикалық және алдын алу іс-шараларын жүргізіп келеді.
2024 жылы Жамбыл облысы аумағында адам саудасына қатысты 9 қылмыс тіркелсе, 2025 жылдың 8 айында да дәл осындай 9 дерек анықталды. Тіркелген қылмыстардың ішінде кәмелетке толмағандарды саудалау, еңбектік қанау және притон ұйымдастыру сияқты фактілер бар. Бұл – қоғамда адам саудасы мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Ағымдағы жылы облыс көлемінде наурыз және маусым айларында «Стоп-Трафик» атты республикалық профилактикалық іс-шараның кезеңдері өткізілді. Аталған іс-шаралар барысында ішкі істер органдары қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзу, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік және жезөкшелікке байланысты бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтады. Нақты айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша (көші-қон заңнамасын бұзу) 5 дерек, 449-бап (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша 130 дерек, ал 450-бап (жезөкшелікпен айналысуға үй-жай ұсыну) бойынша 13 дерек тіркелді.
Жүргізілген рейдтік іс-шаралар да адам саудасының алдын алуға бағытталған. Облыстың 10 ауданында 26 рейд өткізіліп, 53 шаруа қожалығы тексерілді. Бұл жұмыстар барысында еңбек мигранттарының заңсыз жұмыспен қамтылуы және оларға қатысты ықтимал құқық бұзушылықтар қаралды. Сонымен қатар, 26 кәсіпкермен кездесулер ұйымдастырылып, оларға адам саудасына қатысты заң талаптары түсіндірілді. Жергілікті халыққа 800-ге жуық ақпараттық парақшалар таратылып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударылды.
Адам саудасына қарсы күрестің маңызды бағыттарының бірі – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары. Осы мақсатта әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бұл арқылы адам саудасына байланысты күмәнді жарнамалар, хабарландырулар немесе желіде жасырын әрекет ететін топтар анықталып, тиісті шаралар қабылданады. Бұдан бөлек, қала көшелеріндегі LED-экрандарда «Адам саудасына қарсымыз» атты әлеуметтік роликтер көрсетілуде. Бұл роликтер арқылы тұрғындардың назарын адам саудасының қауіптілігіне аудару және алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде де жастар арасында ақпараттық сабақтар ұйымдастырылып, алдын алу шаралары жүргізілуде.
Жамбыл облысы Полиция департаменті адам саудасына қарсы күресті ерекше бақылауда ұстап отыр. Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстарды тек ресми шаралармен ғана емес, сонымен қатар қоғаммен бірлесе отырып жүзеге асыруды көздейді. Себебі, бұл күресте әр азаматтың белсенділігі маңызды. Егер сіз адам саудасына немесе соған ұқсас күмәнді әрекеттерге куә болсаңыз, дереу 11616 сенім телефонына хабарласыңыз. Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы. Сонымен қатар, тұрғындар күмәнді хабарландырулар, жұмысқа орналастыру ұсыныстары немесе шетелге шығуға байланысты күмәнді әрекеттерге аса мұқият қарап, сақ болуы қажет.
Адам саудасы – бұл тек жекелеген азаматтардың емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Онымен тиімді күресу үшін құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен қарапайым тұрғындардың бірлескен әрекеті қажет. Жамбыл облысы Полиция департаменті барлық азаматтарды бейжай болмауға және бұл қылмысқа қарсы күреске өз үлесін қосуға шақырады. Кез келген күмәнді жағдайға дер кезінде назар аудару – адам өмірін құтқарып қалуы мүмкін.
#Against #Trafficking #Persons #адамсаудасы #полиция
biz01.kz