Біз кз

Сарысу ауданында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетовтың төрағалығымен Сарысу ауданы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Отырыста үш негізгі мәселе қаралды:

Бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Мадина Прімбек жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Екінші мәселе – аудандағы кәсіпкер қыз-келіншектердің жеткен жетістіктері мен жүзеге асырған жобалары жайында Жамбыл облысы бойынша «Іскер әйелдер қауымдастығының» Сарысу ауданындағы өкілі, комиссия мүшесі Раушан Әшімова баяндады.

Үшінші мәселе – ерте және жасанды жүктіліктің алдын алу, әйел азаматшаларды скринингтен өткізу, жастар денсаулығы орталықтарының жұмысы туралы аудандық орталық аурухананың меңгерушісі Ернар Бақытұлының есебі тыңдалды.

Отырыста елімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі екені атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті бөлім басшылары мен мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді.

Қосымша ақпарат:
Комиссия жұмысы аясында алдағы уақытта отбасы институтын нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптейтін түсіндіру кездесулері, кәсіпкер әйелдердің жетістіктерін насихаттайтын форумдар мен шеберлік сабақтары өткізу жоспарлануда.

Мұндай кездесулер қоғамдағы гендерлік теңдікті нығайтуға, қыз-келіншектердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.