Республика күні қарсаңында Меркі ауданы Талдыбұлақ ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы бір отбасы баспаналы болды.Жамбыл ауылдық округінің Талдыбұлақ ауылында ауыл тұрғындары бірігіп, көпбалалы отбасыға жаңа баспана салып берді.Үш бөлмеден тұратын бұл үй заман талабына сай тұрғызылып, барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Қоныс тойына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, ауыл әкімі Ербол Байболсынов және ауыл тұрғындары қатысты. Мейірхан Өмірбек жиналғандарды келе жатқан Республика күнімен құттықтап, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдірді.
– Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Әсіресе, әлеуметтік осал топ азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының басты назарындағы мәселелердің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Облысымызда пәтер кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жалғасын табуда. Тұрғындарының қуанышына айналған «Асарлатып үй салу» жобасы әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа баспаналар берік отбасының іргетасын нығайтып, елдегі игі істердің жалғасуына жол аша бермек, – деген аудан басшысының орынбасары қоныс той иесін пәтер кілттерін табыстап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары сондай-ақ ауыл жұртшылығының игі бастамалары мемлекет саясатының негізгі бағыты – халық бірлігі мен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Іс-шара барысында ауыл ақсақалы Мұратбек Наятқадаев сөз сөйлеп, асарлатып үй салуға атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. Ал ауыл әкімі Ербол Байболсынов белсенді тұрғындар мен демеуші болған азаматтарға Алғыс хаттар табыстап, ортақ іске үлес қосқан әрбір жанға алғысын білдірді. Жаңа үйдің кілті көпбалалы отбасына салтанатты түрде табыс етілді. Қуаныш иелері өздеріне қолдау көрсеткен ауылдастарына шынайы ризашылықтарын білдірді.
- Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Ел Президентіне, аймақ басшылығына осындай мүмкіндіктер үшін алғыс білдіремін. Бүгін ауылдастарымыздың арқасында жаңа баспанамызға ие болып отырмыз.– деді пәтер иесі көпбалалы ана Гүлмира Жұманова.
Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Бұл бағытта 717 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 347 пәтер сатып алу, «Әулие ата жастары» жобасы аясында 100 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал, биылғы жылы Меркі ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 14 ауылдық округте 13 тұрғын үй мен 1 асхананың құрылысы жоспарланған. Бүгінде оның алғашқы нәтижелері көрініс табуда: Жамбыл және Т.Рысқұлов ауылдық округтерінде тұрғын үйлер, ал Ақермен ауылында асхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған нысандардың барлығы ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.