Мемлекет басшысының 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауына байланысты Меркі ауданындағы «Үміт» оқушылар сарайында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Біз таңдаған жол» атты жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Абдрасилова, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдары мен түрлі сала мамандары қатысты. Шара алдында оқу орындарының қатысуымен жұмысшы мамандықтарға арналған көрме ұсынылып, оқушылар токарь, аспаз, дәнекерлеуші, шаштараз секілді кәсіптер бойынша қолөнер бұйымдары мен тәжірибелік жұмыстарын таныстырды.
Бағдарлама барысында мектептерде жыл бойы жүргізілген кәсіби бағдар беру іс-шаралары туралы бейнероликтер көрсетіліп, еңбек адамының қоғамдағы рөліне арналған арнайы бейнематериалдар ұсынылды. Салтанатты бөлімде аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек жұмысшы мамандықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
«Үміт» оқушылар сарайының өнерпаздары тақырыптық әндер орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар шақырылған мамандармен ашық сұхбат ұйымдастырылып, олардың кәсіби өсу жолы мен еңбек тәжірибесі жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға аудандық білім бөлімінің атынан алғыс білдіріліп, ықылас гүлдері табысталды. Шара мерекелік концертпен аяқталып, жастарды еңбек жолын дұрыс таңдауға ынталандыруға бағытталған мазмұнды кездесуге ұласты.