Біз кз

БИЛЕР ЖОЛЫ – БІРЛІК ЖОЛЫ, ҚҰРЫЛТАЙ – ЕЛДІКТІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Қазақ халқының тарихына үңілсек, ұлтты ұйыстырған ұлы күш – қарудың күші емес, қара қылды қақ жарған әділ сөздің күші болғанын көреміз. Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған. Өйткені би – тек дау шешетін адам емес, ол елдің ынтымағын сақтайтын, халықтың сөзін сөйлейтін, ертеңін ойлайтын тұлға болған.
Қазақ қоғамында би болу – атақ емес, аманат еді. Би халықтың сенімімен танылды, әділдігімен мойындалды, даналығымен дараланды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді ұлы тұлғалар ешқашан жеке бастың емес, елдің мүддесін бәрінен жоғары қойды. Олар дауласқан екі адамның ғана емес, бүтін бір рудың, тіпті тұтас халықтың татулығын ойлады. Өйткені олар жақсы білді: бірлігі кеткен елдің тірлігі де кетеді.
Билердің бас қосқан кеңестері – бүгінгі тілмен айтқанда халықтың ақылдасу алаңы болатын. Сол жиындарда жер дауы, жесір дауы ғана емес, елдің қауіпсіздігі, көрші мемлекеттермен қарым-қатынас, жас ұрпақтың тәрбиесі, халықтың тұрмысы сияқты маңызды мәселелер қаралған. Яғни билердің кеңесі – мемлекеттіліктің мектебі болды.
Қазақ тарихындағы ең маңызды шешімдердің басым бөлігі дәл осындай кеңестер мен Құрылтайларда қабылданған. Тәуке хан заманындағы билер кеңесі «Жеті жарғының» дүниеге келуіне негіз болды. Бұл – қазақ қоғамындағы заң үстемдігін қалыптастырған тарихи құжат. Ал XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығы кезінде үш жүздің игі жақсылары Ордабасыда бас қосып, елді біріктіру жөнінде ортақ шешім қабылдады. Сол Құрылтай қазақтың рухын көтеріп, жеңіске бастаған бірліктің символына айналды.
Қазақтың Құрылтайы – жай ғана жиналыс емес. Ол – халықтың жүрегінің бір дүрсілі, елдің ойының бір арнаға тоғысқан сәті. Құрылтай – тамыры терең бәйтеректің діңі секілді. Ал сол бәйтеректің бұтақтары – халық. Егер діңі мықты болса, бұтағы да сынбайды. Егер халықтың бірлігі бекем болса, мемлекет те қуатты болады.
Бүгінгі Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Ел өмірінде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың басты мақсаты – халықтың мемлекет ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік беру. Осы жолда Құрылтай институтының жаңа мазмұнда қалыптасуы – халқымыздың тарихи дәстүрінің заман талабына сай жалғасуы деп білемін.
2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы – осы тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі. Бұл сайлау арқылы халық өз ішінен елдің сөзін сөйлейтін, қоғамның мұңын жеткізетін азаматтарға сенім білдіреді. Бұл – ата-бабаларымыздың ақылдасып шешім қабылдау дәстүрінің бүгінгі жалғасы.
Ерте кезде билер ел ішіндегі әрбір дауды тыңдап, екі тараптың уәжін таразылап барып шешім шығарған. Олар ешқашан асығыс үкім айтпаған. Өйткені асығыс айтылған сөз – сынған жебе секілді, қайта түзелмейді. Бүгінгі Құрылтай депутаттарына да дәл осындай қасиеттер қажет. Елдің үнін тыңдай білетін, халықтың мұңын түсінетін, әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын азаматтар ғана халықтың сеніміне лайық болмақ.
Біздің халқымызда «Көп түкірсе – көл» деген тағылымды сөз бар. Оның астарында үлкен философия жатыр. Бір адамның ойы – тамшы болса, халықтың ортақ пікірі – дария. Сондықтан мемлекет тағдырына қатысты мәселелер халықтың қатысуымен шешілген сайын елдің іргесі де беки түседі.
Билердің тағы бір ұстанымы – дауласқанды табыстыру, бөлінгенді біріктіру болатын. Олар ешқашан жұртты жікке бөлген емес. Бүгінгі Құрылтайдың да негізгі мұраты – қоғамды топтастыру, ел ішіндегі татулықты нығайту, әр азаматтың пікіріне құрметпен қарау.
Төле би бабамыз: «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген. Бұл сөздің мәні ғасырлар өтсе де өзгерген жоқ. Қазіргі таңда еліміздің тұрақты дамуы, қауіпсіздігі мен өркендеуі де ең алдымен ауызбіршілікке байланысты. Құрылтай – сол бірлікті нығайтатын маңызды қоғамдық институттардың бірі.
Ұлы Далада билердің сөзі заңмен бірдей қабылданған. Өйткені халық олардың әділдігіне сенді. Ал сенім – кез келген мемлекеттің ең үлкен капиталы. Бүгінгі реформалардың да басты мақсаты – халықтың мемлекетке, ал мемлекеттің халыққа деген өзара сенімін күшейту.
Қазақ халқы үшін кеңесу – әлсіздіктің емес, даналықтың белгісі. Жалғыз адамның ақылы шектеулі болуы мүмкін, ал көптің ақылы – қазына. Сондықтан Құрылтай – көптің ойын мемлекет мүддесіне тоғыстыратын маңызды алаң.
Біз өткеннен тағылым алып, болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Билердің әділдігі, хандардың даналығы, батырлардың ерлігі – бәрі де бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани іргетасы. Сол іргетасты нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін көрсететін маңызды саяси науқан. Сондықтан әрбір тұрғын осы тарихи сәттің мәнін терең түсініп, өз таңдауын саналы түрде жасауы қажет. Өйткені бүгін қабылданған дұрыс шешім – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағына қаланған берік негіз.
Ел тағдырына бейжай қарамайтын, бірлігіне жанашыр әрбір азамат Құрылтай сайлауына белсенді қатысады деп сенемін. Себебі бабалар аманаты – бірлік, бүгінгі міндет – сол бірлікті сақтап, тәуелсіз Қазақстанның келешегін бірге қалыптастыру.

Базарбай КӨШЕНОВ, Мойынқұм ауданының Төбе биі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.