Біз кз

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ ОҢ ДИНАМИКАСЫ САҚТАЛДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтіп, онда 2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды BIZ01.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның мәліметінше, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өңір экономикасы 14,2 пайызға өсіп, негізгі салалардың барлығында оң динамика қалыптасты.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 18,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,3 пайызға, құрылыс 13,4 пайызға, сауда 3,2 пайызға, көлік қызметтері 11,8 пайызға, байланыс саласы 4 пайызға артқан. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,6 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,6 пайызға ұлғайды.

Өнеркәсіп саласында 718,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 478,5 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республикадағы жетекші бес өңірдің қатарына енді.

Өнеркәсіптегі өсім негізінен тамақ, химия және құрылыс индустриясы салаларындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Өңірде өндірістік қуаттарды кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу және дайын өнім шығару көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы саласында 122 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,3 пайызды құрады. Мал және өсімдік шаруашылығында өндіріс көлемі артқан. Ет, сүт және жұмыртқа өндіру көрсеткіштері өсіп, ірі қара, қой, жылқы және құс саны көбейді.

Есепті кезеңде негізгі капиталға 505,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орынға шықты. Оның 479,8 млрд теңгесі немесе 94,9 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты.

Құрылыс саласында 165,4 млрд теңгенің жұмыстары орындалып, 326 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен 19,9 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі таңда облыста 2 941 пәтерді қамтитын 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 350 пәтер сатып алу көзделген.

Сауда айналымы 522,9 млрд теңгені құрап, 3,2 пайызға өсті. Көлік қызметтерінің көлемі 164,1 млрд теңгеге жетіп, 11,8 пайыздық өсім тіркелді. Ақпарат және байланыс саласында көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгені құрап, 4 пайызға артты.

Сонымен қатар мәжілісте аудандардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жеке-жеке талдау жасалды. Бірқатар бағыт бойынша өсім қарқыны төмен аудандар анықталды.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі бойынша Меркі, Сарысу және Қордай аудандарында, ауыл шаруашылығы бойынша Қордай ауданында өсім деңгейі төмен. Ал инвестиция және жеке инвестиция көлемі бойынша Байзақ пен Талас аудандарының, құрылыс жұмыстары бойынша Меркі, Қордай және Байзақ аудандарының көрсеткіштерін арттыру қажеттігі айтылды.

Өңір басшысы аудан әкімдерінің жұмысы нақты нәтижелермен бағалануы тиіс екенін атап өтті.

– Жалпы облыс бойынша экономикалық өсім бар. Бірқатар негізгі көрсеткіш бойынша республика көлемінде жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Алайда біздің жұмысымыз облыстың орташа көрсеткішімен емес, әр ауданның нақты нәтижесімен бағаланады. Сондықтан көрсеткіштері төмен аудандар жұмысты күшейтіп, нақты нәтижеге қол жеткізуі тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.

Осыған байланысты Меркі, Сарысу және Қордай аудандарында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, Байзақ пен Талас аудандарында инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруға, Меркі, Қордай және Байзақ аудандарында құрылыс қарқынын арттыруға нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ облыс әкімі өзіндік кірістерді ұлғайту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мемлекеттік міндеттемелері бар жобаларды уақытылы аяқтау және әрбір тапсырманың нақты орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

– Экономикалық өсімнің нақты нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінуі керек. Инвестиция – жаңа жұмыс орындарына, құрылыс – пайдалануға берілген нысандарға, ауыл шаруашылығының өсімі – ауыл тұрғындарының табысына айналуы тиіс. Әрбір тапсырманың нақты орындаушысы, мерзімі және нәтижесі болуы қажет, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы да қаралды. Зерделеу нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталғаны айтылды.

Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» тек сенбілік өткізумен шектелмей, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, абаттандыруға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс болуы керектігін атап өтті.

Осыған байланысты аудан әкімдеріне тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және атқарылған жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау тапсырылды.

Кеңейтілген мәжіліс қорытындысында жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне экономикалық өсімнің оң қарқынын сақтау, көрсеткіштері төмен бағыттар бойынша жұмысты күшейту және берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.