Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, қазақстандықтар қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Отбасы күнін» атап өтеді. Осынау мереке барысында әрбір отбасы мүшелері бір шаңырақ астына түгел жиналып, өзара әңгіме дүкен құруға тырысатыны сөзсіз. Бұл күні адамзат баласы үшін ұрпақ тәрбиесінде отбасының айрықша маңызға ие екендігі кеңінен сөз болып, қасиетті алтын бесіктің қадірін білудің маңызы жөнінде сыр шертіледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда сот үкімі негізінде бас бостандығынан айырылған азаматтардың да отбасылық қарым-қатынасы үзілген жоқ. Бұл ретте пенитенциарлық жүйеде сотталғандардың туған-туыстарымен байланысты арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өтеді. Мәселен, арнайы контингент өкілдері бейнебайланыс арқылы отбасымен тілдесіп, аман-саулығын біледі. Сондай-ақ түзеу мекемелерінде қысқа және ұзақ мерзімді кездесулер ұйымдастырылуда.
Бүгін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекемесінде «Отбасы күніне» орай жазасын өтеушілер арасында «Отбасы – өмірдің ең қымбат құндылығы» тақырыбында профилактикалық іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – сотталған азаматтардың отбасының адам өміріндегі маңызын түсінуіне ықпал ету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жақындары арасындағы жауапкершілікті сезіндіру, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасты сақтауға және нығайтуға мотивация қалыптастыру. Айтулы мерекемен тұспа-тұс келген іс-шараға жазасын өтеушілер белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, олар бұл күні ақ қағаз бетіне өз отбасыларын бейнеледі. Осылайша, арнайы контингент өкілдері шығармашылықтан да құр алақан емес екендіктерін көрсетті.
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың қоғамға деген көзқарасын оң бағытқа өзгерту және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Іс-шара барысында олар ішкі жан-дүниесін ашып, өткен өміріне көз жүгіртіп, өз ой-толғаныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Мұндай іс-шаралар сотталған азаматтардың рухани дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне өз септігін тигізеді. Дәл осындай тәрбиелік жұмыстар арқылы олар өз қабілеттерін дамытып, болашаққа деген сенімін нығайта түседі, – делінген ақпаратта.