Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай рақымшылық жасау туралы заңға қол қойғаны белгілі. Заңға сәйкес, рақымшылық қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін, қоғамдық қауіпсіздікке және мемлекеттік маңызды мүдделеріне зиян келтірмеген құқықбұзушылықтарды жасаған азаматтарға қолданылады.
Атап айтқанда, заң сыбайлас жемқорлық, терроризм, эктремизм, азаптау, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған, сондай-ақ қауіпті қайталама қылмыс жасағандарға қолданылмайды. Бұдан бөлек өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылыққа ілінбейді.
Бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінен бірқатар азамат еркін өмірге жолдама алды. Бостандыққа шыққан азаматтардың екеуі – ер адам болса, қалған екеуі – әйел. Аталған төрт жазасын өтеуші сот шешімі негізінде қазіргі қолданыстағы Қылмыстық Кодекстің баптарына сәйкес, айыпты деп танылған. Нәтижесінде, олар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Айта кетейік, биыл тәуелсіз Қазақтан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізіліп отыр. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 260-тан астам бабы бойынша салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді.