Біз кз

АУДАН ӘКІМІ OCTAGON ЧЕМПИОНЫ ЕЛАМАН ЖЕТПІСБАЙДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Меркі ауданында спорт саласының дамуына және жас спортшыларды қолдауға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Осыған орай аудан әкімі Ербол Жиенқұлов OCTAGON лигасының 61 келі салмақ дәрежесіндегі чемпионы, жерлесіміз Еламан Жетпісбайды арнайы қабылдап, оның халықаралық деңгейдегі жетістігін жоғары бағалады.

Кездесу барысында аудан әкімі спортшының қол жеткізген табысы тек жеке жетістік қана емес, бүкіл Меркі жұртшылығы үшін зор мақтаныш екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жеңістер жастарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандырып, өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтып, аудан жастарының болашақта да жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Еламан Жетпісбай аудан әкімінің қабылдауы мен көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Ол спорттағы жетістіктің артында үздіксіз еңбек, қатаң тәртіп және табандылық жатқанын атап өтіп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Қабылдау соңында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов спортшыны ауданның қоғамдық өміріне және спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый ретінде жуырда жарық көрген «Мерейлі Меркі» фотоальбомын табыс етті.

Айта кетейік, Еламан Жетпісбай биыл сәуір айында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен OCTAGON лигасының турнирінде 61 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, өзбекстандық Жамолиддин Рахмонжоновты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленген болатын. Бұл жеңіс оның кәсіби мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Жерлес спортшының бұл табысы Меркі ауданы жастары үшін үлкен мотивация болып, өңірде спортты дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Аудан басшылығы алдағы уақытта да спорт саласын қолдау жұмыстарын жалғастырып, талантты жастардың дамуына жағдай жасай бермек.

Еламан Жетпісбайды жарқын жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыс тілейміз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.