Біз кз

«Жамбыл-Тараз» ұжымы — үздік команда

28 маусым – бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлері күні қарсаңында Жамбыл облыстық спорт басқармасының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі спартакиада өтті.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі – аталған спорт додасы Шерхан Мұртаза атындағы облыстық дода түрінде өтті. Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев бұл шара жергілікті журналистер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ, ардагер журналист Қуаныш Иембердіұлы қалам иелеріне сәттілік тіледі.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері спорттың 6 түрі бойынша бәсекелесті. Атап айтқанда, дойбы, үстел теннисі, эстафеталық жарыс, волейбол, арқан тарту мен қол күресі.
Жоғары дайындық пен командалық ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білген журналистер бәсекенің көркін қыздырды. Тартысты өткен додада ең мықтылар топ жарды.
Қатысқан 9 команданың ішінен «Жамбыл-Тараз» газетінің ұжымы топ жарып, бірінші орын тұғырынан көрінді. Ал жүлделі екінші орын өңірдегі баспасөз хатшылары мен меншікті тілшілерден құралған «Тараз-Пресс» ұжымына бұйырды.
«Тараз24» арнасының ұжымы да жақсы ойын өрнегін көрсетіп, үшінші орынды қанжығалады.
Кәсіби мерекелері қарсаңында спорттық шараға қатысып, бір серпілген ақпарат саласының майталмандары спортта да осал еместігін көрсетті. Осылайша, қоғамдық пікір қалыптастырып, мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруға атсалысып жүрген журналистер қауымы өз мерекелерін көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.