Тараз қаласының орталығында орналасқан «Баспасөз үйіне» Шерхан Мұртазаның аты берілетіні туралы ақпарат осыдан әлденеше уақыт бұрын тарағанымен, бүгін аталған ғимараттың маңдайшасына қайраткердің есімі ресми бекітіліп, жазылды.
Аталған ғимаратта ондаған жылдардан бері облыстың бас басылымы «Ақ жол» мен «Знамя труда» газеттері орналасқан болатын.
Ақпарат саласының ардагері, бүгінде жасы жүзге жақындаған майталман журналист, ақпараттың абызы Баттал Жаңабайұлы «Ақ жол» газетіне редакторлық етіп тұрған тұстарда газет ұжымына берілген бұл ғимарат Жамбыл журналистерінің ұстаханасы, қарашаңырағы.
Қоғам қайраткері, қазақ журналистикасының негізін қалаушы Шерхан Мұртаза да талай рет табан тіреген нысан.
Бүгінде мұнда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты Өңірлік коммуникациялар қызметі, «Жамбыл» журналы, «Ауыл аймақ» газеті мен құрамына «Ақ жол», «Арай», «Знамя труда» газеттері мен «Жамбыл инфо» ақпараттық агенттігі кіретін «Әулиеата-Медиа» холдингінің ұжымы еңбек етеді.
Айта кетейік, аталған ұжымның барлығы өңірдің және елдің бұқаралық ақпарат саласына өлшеусіз үлес қосып, Шерхан Мұртаза салған сара жолмен жүріп келе жатыр.