Біз кз

Шаруалар техникаларын жаңартты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанныңэкономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: -Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылық техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың мүддесін ескергеніміз абзал»,-деген болатын. Артылған міндет аудан көлемінде де жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мәселен жуырда «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері жаңа техникаға қол жеткізді.
Ал, техникаларды жаңартуда Тамды ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары да әрекетке көшіп, мемлекет қолдауларын тиімді мақсатқа жұмсап отыр. «Қыдырбек» және «Кебек қашқан» шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы «Өз жем-шөбім» бағдарламасы аясында жылдық мөлшері 6 пайыздық үстемемен қажетті техникаларды алды.
Асқарбек Бименов басқаратын «Кебек қашқан» шаруа қожалығы мал басын өсірумен айналысса, Орынбасар Ақыбаевтың иелігіндегі «Қыдырбек» шаруа қожалығы мал шаруашылығымен қатар, жер жыртып, дақыл отырғызуды да қатар алып келеді.
Тамды ауылдық округі әкімі Рауан Асқаровтың айтуынша, жеткізілген техникалар шаруашылық жұмысын жеңілдетуге, өнім көлемін арттыруға септігін тигізбек. Техникаларды жаңарту жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғаспақ.
Қазір Тамды ауылдық округінде алпысқа жуық шаруа қожалығы тіркелген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.