Біз кз

Тазалық жұмыстары жалғасын табуда

«Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» тақырыбындағы екінші апталығында Меркі ауданында Кенесары хан ескерткішінің айналасы абаттандырылды.

Акцияға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, аудан әкімінің орынбасары Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы және мекеме қызметкерлері қатысты.

Іс-шара аясында ескерткіш маңындағы шөптер тазаланып, талдардың түбі қопсытылды.

Сонымен қатар жаңадан отырғызылатын талдардың орны белгіленіп, қазу жұмыстары жүргізілді.

Қанатбек Қайшыбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған акцияны жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығына тоқталып, табиғат пен қоршаған ортаны таза ұстаудың, киелі өлкеміздің тарихи ескерткіштерін күтіп ұстаудың маңыздылығын айтты.

«Таза Қазақстан» тазалық акциясының аясында аудан аумағындағы абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады.

Бұған дейін экологиялық акция аясында Ақарал ауылдық округі, Сыпатай ауылында орналасқан Сыпатай мешітінің алдына шырша талдары отырғызылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілген болатын.

Аталған науқанға №44 мектеп ұжымы да ерекше қолдау білдіріп, жұмысты белсенді атқарды. Акцияның алғашқы күнінде мектеп ауласын тазалау, әктеу, ағаш көшеттерін отырғызу, оларды күтіп-баптау, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Ал келесі күні ұжым еріктілерінен құралған команда Меркінің көрікті жерлері мен тау шатқалындағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды тазалауға жұмылдырылды. Адам – табиғаттың төл перзенті. “Таза болса табиғат, аман болар адамзат” деген қағиданы ұстанған еріктілер туған жердің тамаша табиғатын тазалауға белсене атсалысты.

Сонымен қатар, жастар ресурстық орталығының «Жасыл ел» еңбек жасақтары «Киелі мекен» акциясы аясында Асанбай Асқаров ескерткішінің аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын.

Осындай ауқымды тазалық жұмыстары аудан орталығындағы полигон маңайында да ұйымдастырылды.

Тазалық жұмыстарына аудан әкімі Жорабек Баубеков бастаған аппарат қызметкерлері, бөлімдер мен мекеме басшылары және қызметкерлері қатысқан болатын.

Жорабек Нұрмергенұлы аудан аумағын таза ұстау баршаға ортақ міндет екенін айтып, бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған акцияның маңызды екенін атап өтті.

Осы орайда, тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастыруды жауапты басшыларға тапсырды.  Сенбілік барысында полигон айналасы шашылған тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, 300 қаптан аса қоқыс жиналған.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.