Біз кз

Батыр рухына тағзым

Жуалы өңірін бүгінде генералдар елі деп атайды. Отанына адал қызмет ету­дің үлгісін көрсеткен 14 генералын Жуалы жұртшылығы қашанда мақтан етеді.

Бүгінгі күні Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры, жерлесіміз Сейітжан Қойбақов мерейлі 70 жасы қарсаңында Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

Жуалы ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде Жуалының мақтанышы, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры, заң ғылымдарының докторы, ерік-жігердің иесі Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов сарбаздармен кездесті.

«Әскердегі бір күн» атты акцияға ауданнан әскерге шақырылған жастар мен сарбаздар қатысты.

Кездесу жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиын барысында генерал-майор Сейітжан Мелдебекұлы сарбаздарды ел байрағын желбіретіп, Қазақстан Республикасының мәртебесін биікке көтеріп, ел намысын қолдан бермей, елге қорған болуға шақырды.

-Ер-азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де осы қасиеттер. «Биік таудың төбе құсап мүжілгені жаман, еркектің әйел құсап сызылғаны жаман» дегендей, ер адам жігерсіз болса – онан не қайыр? Сондықтан кешегі өткен қилы-қилы замандарда еліміздің тәуелсіздігін, кең байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған ата-бабаларымыздың батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер-азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса қандай ғанибет! Әр жігіт спортпен, денешынықтырумен айналысып немесе өзін-өзі үнемі шыңдап жүрсе оның нағыз ер тұлғалы азамат болып қалыптасары анық. Бүгінгі таңда азаматтарымызға күштілікпен бірге білімдарлық та, ділмарлық та, кісілік те қажет. Ер жігітке ұсақтық жараспайды,- деп жастарға патриоттық рух берді Сейітжан Мелдебекұлы.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.