Біз кз

Ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылды

Егін шаруашылығын дамыту мақсатында заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен технологияларын қолданысқа енгізу үшін Меркі ауданында түрлі шаралар қолға алынуда. Осы мақсатта ауданда бірнеше семинар өткізіліп, қызылша өсіру мен өндіруге арналған заманауи техникалар өңірдегі шаруаларға таныстырылған.⠀
Бүгінде сол заманауи техникалар қолданысқа енгізіліп, тәжірибе жүзінде шаруаларға таныстырылды.⠀
Осы мақсатта «МерАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылша алқабында арнайы  көрме ұйымдастырылып, онда «СТ Agro» компаниясының өкілдері ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру мен жинауға қажетті заманауи техникаларын таныстырды.⠀
Арнайы жиынға қатысқан аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы Баубеков ауыл шаруашылығын дамытуда Меркі жерінің мүмкіндіктері мен әлеуеті жайында сөз қозғады. Ол сондай-ақ, мол өнім алу мақсатында жаңа техникаларды қолданудың маңыздылығын және осы бағытта шаруаларға көрсетілетін қолдаулар туралы да айтып өтті.⠀
Семинарда «СТ Agro» компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі Алмас Серікұлы және «Kvеrneland» компаниясының Германиядан келген менеджері Максим Боднэр қызылша өсіруге арналған техникалармен таныстырып, олардың ерекшеліктеріне тоқталды. ⠀
Заманауи үлгідегі Claas тракторы, қызылша тұқымын себу мен топырақты қопсытуға және тыңайтқыш себу мен арамшөптерді дәрілеуге арналған техникалар көпшілік назарына ұсынылды.⠀
Бұл техникалар толық автоматты жүйемен жұмыс істейді. Мысалы, Kvernland monopill құрылғысы әр дәнді белгіленген ара қашықта және тереңдікте дәлме-дәл сепсе, топырақ қопсытуға арналған Kvernеland Lynx құрылғысында оптикалық көру камерасы орнатылған. Ол қызылша мен арамшөптердің түсін ажыратуға мүмкіндік беріп, топырақты қопсыту барысында қызылша өсіндісінен басқа шөптің бәрі тазаланып отырады.⠀
Компания мамандарының айтуынша, аталған техникаларды сатып алған шаруаларға 1 жыл мерзімге кепілдік беріледі. Техникалар бұзылған жағдайда жөндеуге және бөлшектерді жеткізіп беруге қолдау көрсетіледі. ⠀⠀
Ауыл шаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, техникаларды субсидиялау және лизингке беру тетіктері қарастырылған.
ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.