Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Байзақ ауданында бәйге түрлерінен Жамбыл облысының ашық біріншілігі өткен болатын. Ботамойнақ ауылдық округі Үшбұлақ елдімекенінде орналасқан атшабарда өткізілген шараны облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының бәйге федарациялары және Байзақ ауданы әкімдігі бірлесе өткізді. Еліміздің бірқатар өңірлерінен келген танымал атбегілер бабына келтіріп жаратқан тұлпарлар мен тақымы мықты шабандоздар бақ сынасты.
Біріншіліктің ашылу салтанатында Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов құттықтау сөз сөйлеп:
– Ат спорты Байзақ ауданында қарқынды дамып келеді. Аудан әкімдігі де ауылдың балаларын ептілікке, шыдам мен төзімге, бастысы, салауатты өмір салтына тәрбиелейтін спорттың түріне тұрақты қолдау көрсетуде. Осы қолдауға спортшыларымыздың да қайтарымы мол – көкпаршылардың атағы облысқа таралса, республикалық деңгейде өтетін жарыстарда шабандоздарымыздың мерейі талай мәрте үстем болып келеді. Бүгінгі аламанға қосылғалы тұрған шабандоздарға сәттілік тілеймін. Арғымақтар сүрінбесін, бабына бағы сай болсын, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспін, – деді.
Республикалық сайыс құнан бәйгеден басталып, онда 42 сәйгүлік жалпы ұзақтығы 11 шақырымды шауып өтті.
Бұдан соң бәйге аламан дүбіріне жалғасты. Аламанның ұзақтығы 25 шақырымға созылды. Дүбірлі додаға 64 тұлпар қатысып, бабы мен бағы келіспеген сәйгүліктер мен шабандоздар шетінен топтан шыға бастады. Тек үздіктері ғана суырылып, алға шықты.
Құнан бәйгеге алғашқы үздік бестікке, ал, аламан бәйгеде үздік жеті орынға жүлделер тігілді. Жеңімпаздарға арнайы кубок, медальдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан айтулы шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов пен облыстық және аудандық бәйге федерациясының президенттері мен бәйгенің бас хатшысына естелік медальдар табыс етілді.