Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қаратау қаласында «Таза аула» іс-шарасы кең көлемде өткен болатын.
Онда әр көшедегі әрбір жеке үйлердің тұрғындары өз аулаларын күл-қоқыстан тазартып, аула іші мен сыртындағы ағаштарды әктеп, қала көркіне өз үлестерін қосты. Кейбір үй иелері қақпа мен шарбақтарын сырлап, өзгелерге игілікті істің үлгісін де көрсеткені көңіл қуантады.
Шара барысында 500 адам қамтылып, 5 техника жұмылдырылып, 10 тонна қоқыс шығарылды.
– Әр ауланың тазалығы тұрғындардың өздері үшін керек. Екінші жағынан көрікті үйлер қаламыздың да ажарын кіргізеді. Осындай жағымды іс-шаралар жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді,-дейді осы шараның спикері, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы.
Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылында да республикалық акция шеңберінді санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп өткен болатын.
Сол іс-шарада Ақкөл ауылының тұрғындары бір кісідей жұмыла ұйымшылдықпен көшеге шығып, ауыл көшелерін қоқыстан тазартып, талдардың түбін және жол жиегіндегі бордюрларды әктеп, ауылға ерекше көрік кіргізген еді.
Шара барысында 19 мекемеден 300 адам қамтылып, 3 техника жұмылдырылып, 3 тонна қоқыс шығарылды.
-Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен бұл «Таза көше» іс-шарасында ауыл тұрғындары жақсы істерден тыс қалмайтынын көрсетті. Мұндай жарасымды істер өскелең ұрпаққа да үлгі болары сөзсіз,- дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, осы шараның спикері Досболат Туғанбаев.