Бүгін Тараздағы өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесі жас қызметкерлері сала ардагерлерімен кездесті. Атап айтқанда, бұл күні жиын барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәулен Ескабылов ардагер Мейрамбек Пржанов өз ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтты.
Жалпы, басқосу барысында қос ардагер өзінің қызметтік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, ҚАЖ қызметкерлерінің жұмыста қандай мәселелерге ерекше назар аудару қажет екеніне тоқталды. Олар өз сөздерінде қажет кезде жылдам шешім қабылдау мен жағдайды дұрыс бағалаудың маңызын, кәсіби дайындықтың айрықша рөлін ерекше атап өтті.
Кездесудің маңызды бөлігі – тәртіп сақышалырының қызмет атқару кезіндегі жеке қауіпсіздігіне арналды. Қонақтар қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау қажеттігін баса айтып, кәсіби борыш, ар-намыс, еңбексүйгіштік пен абырой – құқық қорғаушының қызмет жолындағы басты моральдық құндылықтар екенін жеткізді.
Жиын соңында олар жас қызметкерлерге аға буын қалыптастырған дәстүрлерді лайықты жалғастыруды, әрқашан ел мүддесін бәрінен биік қойып, сотты болғандарды қоғамға қайта бейімдеуде табысты болуына тілектестіктерін білдірді.