Біз кз

Тараз төріндегі жәрмеңке

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, Тараз қаласының тұрғандарын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп тұрады.
Бүгін де осы мақсатта Тараз қаласының орталық алаңында өткізіліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының түрлі өнімдері жеткізіліп, қала тұрғындарына ұсынылды .
Жәрмеңкеде жалпы құны 40,0 миллион теңгені құрайтын 54,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары сатылуда. Оның ішінде 12,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,0 тонна шұжық өнімдері, 5,6 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 3,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 3,2 тонна балық, 6,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 17,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берсе, тұрғындар үшін де алыпсатарларсыз, өнімді тікелей өндірушілерден төмен бағада сатып алуға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 10-20 пайыз төмен.
«Мен үнемі жәрмеңкеге келіп, азық-түлік алып тұрамын. Әсіресе, ет, көкөніс, жеміс-жидектердің сапасы мен бағасы көңілге қонымды», дейді Тараз қаласының тұрғыны Жансая Ыбырайым.
Жәрмеңкеге жиылған жұртшылықтың көптігіне қарап, расында бұл шараның тараздықтар үшін тиімді екенін байқауға болады.
Айта кетейік, бүгінгі жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы келіп, баға бағамын, тауар сапасын бақылап, тұрғындар пікірін тыңдап қайтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.