Отан қорғаушылар күні мерекесінің қарсаңында Меркі ауданына қарасты Рысқұлов ауылдық округінің Интернациональное ауылында мүгедектігі бар ересек балаларға арналған оңалту орталығы ашылды.⠀
Ауданда мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығы бар. Дегенмен, ол жерде 18 жасқа дейінгі балалар ғана оңалту шараларын қабылдайды. Сондықтан, кәмелетке толған ересек балаларға да осындай оңалту орталығының қажеттігі күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі болғанын айтады аудан әкімі Жорабек Нұрбергенұлы Баубеков. ⠀
⠀
“Заманауи талаптарға сай ашылған оңалту орталығы жартылай стационар жағдайында жұмыс істеп, онда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. ⠀
15 келушіге шақталып, оңалту шаралары бойынша қажетті психолог, массажист, емдік дене шынықтыру нұсақаушысы сынды қажетті мамандармен қамтылған” – деді ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.⠀
⠀
Жаңа мекемеде барлығы 14 жұмыс орны ашылып, жергілікті азаматтар жұмыспан қамтылып отыр.