Жасыратыны жоқ, бұл күнде еңбек адамы жайында әңгіме айтыла қалса, аға буын өкілдері сөз төркінін келмеске кеткен кеңес тұсындағы кезеңмен, сол кездегі идеологиямен сабақтап жатады. Рас, сол жылдардағы мерзімді басылымдарды парақтасаңыз, егін шаруашылығын шалқытып отырған ауылдардың астықты артығымен алғаны, төрт түліктің басы былтырға қарағанда едәуір көбейгені туралы мақалалар жиі көзге түседі. Осы себепті, сол кезеңді көргендер ол заманда еңбек адамдарының мәртебесі биік болғанын айтудан жалықпайды. Оның үстіне, дәл қазір біздің елде мемлекеттік наградалар бірінші зиялы қауымға, сосын барып еңбек адамдарына беріледі. Өкінішке қарай, бұл – бір жағынан қиындыққа қайыспай адал еңбек ететін мамандарды құрметтеуге қоғам дайын еместігін көрсетсе, екіншіден қарапайым жұмысшыларды ынталандыруға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айғақтайды. Ал, Президенттің осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы осы олқылықтың орнын толтырудың таптырмас мүмкіндігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында «2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Президент бұл ретте техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін баса айтты.
Шын мәнінде, кез келген адамды қанша жерде жұмыс істегені емес, қалай еңбек еткені абыройға бөлейді емес пе? Кейіпкеріміз Дәурен Даубаев жас күнінен-ақ тындырымды тірлігімен көзге түсіп, ел сенімін ақтай білді. Шырайлы Шымкент қаласында дүние есігін ашқан ол сонда мектеп бітіріп, еңбекке араласты. Ал, қазір «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жамбыл облыстық филиалында тер төгуде. Дәурен Абдрахманұлы алғашында политехникалық колледжде «Бағдарламашы» мамандығында оқыса, кейінірек еліміздегі үшінші мегаполистегі М.Әуезов атындағы университетінің студенті атанады.
Уақыт өте жас маман өзінің еңбек жолын «Нұр-Әбдірахман» серіктестігінде бастап, мұнда табаны күректей 5 жыл жұмыс істейді. Ал, 2019 жылдың қыркүйек айында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» Жамбыл облыстық филиалына лаборант болып орналасады. Қазіргі таңда осында Дәурен мемлекеттік есеп бөлімінің инженері лауазымында қызмет атқарады.