Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік мерекеге орай түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланып, екі мыңнан астам азамат бостандыққа шығуға мүмкіндік алып отыр.
Ата Заңның 30 жылдығына байланысты қабылданған Рақымшылық туралы Заң аясында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінен 3 сотталған азамат еркіндікке жолдама алды. Оның ішінде бір азаматтың жазасының өтелмеген бөлігі қысқартылса, ал екі сотталған осал топқа жататындықтан жеңілдікке ие болған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда №26 мекемесінде бас-аяғы 86 адам жазасын өтеп жатса, оның ішінде 16 сотталған рақымшылыққа ілінеді деп күтілуде.