Ағымдағы жылдың басынан Жамбыл облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Жеті ай ішінде автожолдарды 2111 рет тексеру өткізіліп, 14 988 шақырым жол жабыны қаралды.
Тексеру нәтижесінде облыс автожолдарында бүлінген жол таңбаларынан бастап жол инфрақұрылымының техникалық талаптарға сәйкес келмеуіне дейін әртүрлі сипаттағы 9494 ақау анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша жол ұйымдарына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2111 нұсқама берілді.
Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Азамат Бақытұлының айтуынша, жолдардың жағдайы тұрақты бақылауды және қатаң шараларды талап етеді.
— Жолдардың күтім сапасы жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Біз барлық бұзушылықтарды тіркеп, олардың қысқа мерзімде жойылуына қол жеткіземіз. Бұл ретте тек нұсқамалармен шектелмейміз — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Адамдардың қауіпсіздігі — біздің басты басымдығымыз, — деп атап өтті Азамат Бақытұлы.
Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті мекемелерге 1084 ақпараттық хат жолданды. Нұсқамалардың орындалуына бақылау жоспарлы тәртіпте жалғасуда.
Автожолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін облыс бойынша 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 31 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жамбыл облыстық ПД Баспасөз орталығы.