2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жамбыл облысында этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту бағытында бірқатар маңызды жастар жобалары жүзеге асырылды. Бұл бастамалар жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттырып, көпұлтты қоғамда бейбіт өмір сүру мәдениетін нығайтуға сеп болды.
Өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі 2025 жылдың ІІ тоқсанында 38 іс-шара ұйымдастырып, 9 000 жас өспірімді қамтыды. Бұл шаралар жастарды этносаралық диалогқа тартуға, өзара түсіністік пен құрметті дамытуға бағытталды. Жобалар аясында түрлі форумдар, тренингтер, шығармашылық кездесулер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.
Сондай-ақ, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Жаңа толқын» жастар жобасы да өңірде кеңінен қолдау тапты. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында аталған жоба аясында 16 іс-шара өтіп, 5 100 адам қатысуға мүмкіндік алды. Бұл шаралар жастардың патриоттық сезімдерін оятып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.
«Ассамблея жастары» мен «Жаңа толқын» жобалары Жамбыл жастарының этносаралық бірлік пен татулықты сақтау жолындағы белсенділігін көрсетіп отыр. Олар өңірдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды тетіктердің бірі ретінде өз тиімділігін дәлелдеуде.
Бұл жобалар еліміздегі көпэтносты қоғамның біртұтастығын сақтауда жастардың алатын орнын айқындап, олардың әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашты.