Біз кз

Штаб отырысы: МӘМС жүйесінде халықты қамтудың негізгі бағыттары сараланды

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен халықты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша кезекті өңірлік штаб отырысы өтті.
Жиынға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова, Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы және облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында Қор филиалының директоры Ғайни Төленқызы облыс халқын МӘМС жүйесімен қамтуды арттыру және аймақ бойынша сақтандырылмаған азаматтар санын азайту бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша сақтандырылған азаматтар саны 952 мыңнан асса, сақтандырылмағандар саны шамамен 224 мың адамды құрап отыр. Алайда, Қордай, Меркі, Жамбыл, Жуалы Байзақ аудандарында МӘМС жүйесінен тыс қалып отырған азаматтардың үлесі жоғары. Мысалы, Қордай ауданында 33 мыңнан аса адам сақтандырылмаған. Бұл мәселеге байланысты қор өз тарапынан талдау жүргізіп, сақтандырылмаған азаматтардың ЖСН-і бойынша тізімін дайындағанын атап өтті.
«Бұл бағытта нақты талдау жүргізілді. Нәтижесінде тамыз, қыркүйек айларында 6000 мыңға жуық адамның сақтандыру мәртебесі қалпына келтірілді. «Серпін» медициналық орталығы ЖШС, Шу аудандық орталық ауруханасы, Талас аудандық ауруханасы және Шу қалалық емханасы жақсы жұмыс істеген атап өткен жөн. Алайда, Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандарында жұмыс нәтижесі көңіл көншітпейді»,-деді Ғайни Төленқызы.
Айжан Серікбайқызы сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша төмен нәтиже көрсетіп отырған Жамбыл, Байзақ, Қордай аудандарына ерекше тоқталып, алдағы 2 апта көлемінде нақты жұмыс жүргізуді және осы уақыт аралығында оң нәтиже көрсетуді тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жергілікті атқарушы органдар елдімекендер мен нақты округтер бойынша бөлу, көші-қонмен байланысты жұмыстарды күшейту, қайтыс болған азаматтарды уақытылы тіркеу, басқа өңірге қоныс аударғандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды анықтауды тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.