Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылына – 80 жыл! Осынау мерейлі күнге орай ауданда бірқатар тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, дүбірлі думан өтті. Ең алдымен Тоғызкент ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш маңында тағзым жасалды.
Шараға аудан әкімі Сакен Мамытов, Қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарап Қырғызбаев, Сарысу ауданының құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Тоғызкент ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Еркінов, Тоғызкент ауылдық округі әжелер алқасы мүшесі Керімқыз Мұғалова, медицина саласының ардагері Сағымбек Бегеев, ауылдың зиялы қауым өкілдері және Тоғызкент ауылдық округтің бұрынғы әкімдері Дархан Баимбетов пен Алмат Орынбеков қатысты. Жиылғандар Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойып, ардагерлер рухына арнап құран бағыштады.
Келесі кезекте аудан әкімі Сәкен Мамытов бастаған, облыстан келген құрметті қонақтардың қатысуымен шырша отырғызу шарасы өтті. Ауыл тұрғындары да игі іске атсалысып, жақсылыққа ниет етіп, 80 дана шырша ағашын отырғызды.
Қазақ халқының болмысында табиғатқа деген шексіз құрмет пен терең түсінік қалыптасқан. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз – қазақ халқының қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің айқын дәлелі. Ағаш – тек жасыл желек қана емес, ол адамға сая, табиғатқа қорған, болашаққа мирас болары анық.
Сондай-ақ, мерейтойға орай «Киіз үй» сәулет өнерімен әрленген демалыс орны ашылды. Жаңа орын Тоғызкент-Тараз бағытында орналасқан. Келушілер мұнда бір сәт дамылдап, жанға сая табады. Түгіскен орта мектебінің 1977 жылғы түлектерінің бұл тартуы өзіндік ерекшелігімен есте қалып отыр.
Жаңа демалыс орынның ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, киіз үйдің қазақ халқы үшін маңыздылығын айтты. Мұнан соң Тоғызкент ауылдық округінің ардагері төрағасы Төленді Еркінов пен Тоғызкент ауылдық округінің 1977 жылғы мектебінің түлегі Сейітхан Құдайбергенов сөз сөйлеп, барша тоғызкенттіктерді мерекемен құттықтады. «Киіз үй» сәулет өнерінің лентасын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, қоғамдық кеңес төрағасы Сахарап Қырғызбаев, ауыл ақсақалы Жансерік Майыров және ауылдың тумасы Есен Қарамолдаев салтанатты жағдайда қиды.
Сонымен қатар, шара келелі әңгімелер айтылған конференциямен жалғасты. Конференциядың алғашқы сөзін Сарысу ауданының құрметті азаматы, ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов ашып берді. Мұнан соң жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» Пернебай Дүйсенбин мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Казфосфат» ЖШС басшысының кеңесшісі Батырбек Құлекеев сөз сөйлеп, ауылдың тарихы туралы тағылымды ойларын ортаға салды.
Тоғызкент ауылының 80 жылдығы тамаша тартулармен жалғасты. Мерейлі мерекеге орай жаңа жаздық сахнаның ашылуы өтті. Онда облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Казфосфат» ЖШС басшысының кеңесшісі Батырбек Құлекеев, Сарысу ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі Майтон Өзекбаев пен Тоғызкент ауылдық округінің құрметті ардагері Жансерік Майыров сөз сөйлеп, жаңа сахнаның ауыл мәдениеті үшін маңызы зор екенін жеткізді.
Жаңа сахнаның лентасын аудан әкімі Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының құрметті азаматы Әбдіманап Көпберген, Қазақстан Республикасының құрметті депутаты Сағынбек Бегеев және Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебек Алтынбеков салтанатты жағдайда қиды.
Таңсәріден басталған іс — шара салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Алдымен келушілер мерекеге арналған қолөнер бұйымдарының және ауылшаруашылық көрмесін тамашалады. Алаңда спорттық ойындар ойнатылып, балуандар белдесті. Жүлдегер мен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Марапатты аудан әкімі Сәкен Мамытовтың өзі тапсырды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, Тоғызкенттің тағылымды тарихына тоқталды.
«Сіздерді толғауы терең, тарихы тағылымды Тоғызкент ауылдық округінің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Аудан орталығынан 80 шақырым жерде, Талас өзенінің тармағында орналасқан Тоғызкент ауылдық округінің іргесі 1950 жылы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін «Түгіскен» кеңшарының орталығы ретінде қаланды. Оның негізінде 1997 жылдан Тоғызкентте «Тоғызкент» АҚ және 20-дан астам шаруа қожалықтары құрылды. Құрамына Майлыкөл, Әбілда ауылдары кіретін округтің ауданымыз үшін маңызы зор.
Сонау қиын-қыстау кезеңдерді артқа қалдырып, тоқыраудан өтіп, бүгінде жаңарудың жаңа қадамына аяқ басқан елдімекен еңсесін түзеген аймаққа айналуда. Бүгінде үкімет тарапынан ауылдарды қолдауға түрлі бағдарламалар мен жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді.
Ардақты ағайын!
Ауыл — ел бесігі. Тіршіліктің тірегі, бірліктің ұйытқысы мен салт-дәстүр сабақтастығының айқын көрініс табатын қастерлі орны. Ауыл – сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Сондықтан, ауыл дегенде елең етпейтін қазақ баласы жоқ шығар…
Ұланына қайтпас қанат, талмас талап берген Тоғызкенттің болашағы әркез жарқын болғай! Мерейлі мереке құтты болсын! Қаймағы бұзылмаған ауыл көркейе бергей!» деді аудан әкімі.
Салтанатты жиында аудан басшысы ауылдың көркеюіне атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға «Тоғызкент ауылына 80 жыл» мерекелік төсбелгісін тақты. Мерекелік шарада облыстан келген өнерпаздар әннен шашу шашып, кештің көркін кіргізді.
biz01.kz