Жамбыл облысында заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатындағы «Заңсыз келуші — 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Полиция қызметкерлерімен көші-қон заңнамасын бұзудың 510 дерегі анықталды. Жауапкершілікке 477 адам тартылды. Атап айтқанда, 385 ТМД елдерінің азаматтары, ал 92 алыс шетелден келген.
Сонымен қатар, шетел азаматтарының елде болу мерзімін бұзуына жағдай жасаған 125 қазақстандық жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 33 қазақстандыққа да шара қолданылды. Сот шешімімен 125 шетел азаматы елден шығарылды.
Жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде қылмыстық істер де тіркелді. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша екі, ал заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы ұсталды.
Полиция қызметкерлері шетелдік жұмысшыларды инвестициялық жоба ретінде көрсетіп, заңды айналып өткен компанияларды да тексеруде. Кінәлілер заң алдында жауап беріп жатыр.
Жүргізілген іс-шара нәтижесінде құқық қорғау органдары көші-қон саласындағы бақылауды күшейтіп, елдегі еңбек нарығына теріс әсер ететін заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойды. Мамандардың айтуынша, мұндай тексерулер көші-қон үдерісін реттеуге және шетел азаматтарының заң аясында жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, мамандар көші-қон заңнамасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Заңсыз еңбек қызметі ел экономикасына кері әсер етіп қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Алдағы уақытта осындай рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп, көші-қон процесіне қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтіледі.
biz01.kz